Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Биылғы саяси науқанда мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше жағдай жасалды

AstanaTV
09.06.2019ж. 20:00
2226
Биылғы саяси науқанда мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше жағдай жасалды

Биылғы саяси науқанда мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше жағдай жасалған. Пандустан бөлек, әр учаскеде арбалар оп-оңай кіретін арнайы кең кабиналар қойылған. Ал зағиптар брайл жүйесі арқылы өзі таңдаған кандидатқа дауыс берді. Сурдоаударма да іске қосылған. Абзал Құрманкин толықтырады.

Теріскейдегі мүмкіндігі шектеулі жандар сайлау учаскілері ашылғаннан бастап дауыс беруге асығуда. Олар азаматтық міндетін үйде отырып орындаудан бас тартып, сайлау учаскілеріне келіп жатыр. Мәселен, мүгедек жандар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Сапко мүгедектерге арналған таксимен сайлау учаскесіне таң сәреде келді. Арбамен жүретін адамдар кедергісіз қимылдау үшін сайлау учаскесінде босағасы кең арнайы кабиналар орнатылған. 

Сергей САПКО, МҮГЕДЕКТЕР ЖАНДАР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Осыған дейін ылғи үйде дауыс беретінбіз. Қазір мүгедектердің қатынауында кедергі жоқ. Барлық жерде пандустар бар. Біздің қоғамдық бірлестікке 16 мүгедек мүшелік етеді. Олардың барлығы бүгін сайлау учаскілеріне келуге бекініп отыр. 

Өңірде сайлаушылардың жалпы саны 400 мыңға жуық болса, оның 25 мыңы мүгедектер. Сайлау учаскілерінде зағип жандарға арналған аудио бюллетеньдер бар. Олар үміткерлердің тізімін қағаз бетін қолмен сипап оқи алады. Ал есту қабілетінде ақауы бар жандарға сурдоаудармашылар көмек қолын созып отыр. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Тек мүгедек жандар ғана емес, табан астынан денсаулығы сыр берген адамдар да сайлау учаскесінің өкілдерін үйлеріне шақырта алады. Әзірге дәл осы сайлау учаскесі бойынша 14 адамнан осындай өтініш келіп түскен.

А. Құрманкин