Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қарағандыда ойын алаңында қайтыс болған бала құсығына тұншығып қалған

AstanaTV
12.06.2019ж. 20:00
1985
Қарағандыда ойын алаңында қайтыс болған бала құсығына тұншығып қалған

Қарағандыда сауда үйіндегі ойын алаңындағы әткеншектен құлап қайтыс болған 7 жастағы бала, өз құсығына тұншығып қалған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері осындай болжам айтты. Дегенмен оқыс оқиғаның нақты себебі сот медициналық сараптамасынан кейін ғана белгілі болмақ. Белгілісі бұл отбасы Қарағандыға Балқаштан қонаққа келген. Мәселенің мән- жайын тілшіміз Айжан Қуаш анықтап көрді. 

Ойын алаңы өкілдерінің айтуынша, қыз бала лабиринт атракционына анасымен, 13 жастағы әпкесі және кішкентай бауырымен келген. Анасы сыртта қалып, алаңға оны әпкесі алып кіріпті.

Людмила КАЧАНЕНКО, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ "САФАРИ" ОЙЫН- САУЫҚ АЛАҢЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

Қыз бала әткеншек тепті. Онда барлық ережелер сақталған. Әткеншек еденнен небәрі 30-40 сантиметр биік. Әрі кішкентай қызды 13 жастағы әпкесі тербетіп қасында тұрды. Әпкесінің айтуынша, кенет бала өзін нашар сезініп, есінен танып құлап қалған. Оның айқайын естіп дереу көмекке жүгірдік, жедел жәрдем 15 минутта келіп жетті. Бірақ алғашқы көмек көрсетілгеніне қарамастан бала дем ала алмады.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, балғын созылмалы ауыр сырқатпен диспансерлік есепте тұрған. Бірақ оның өліміне созылмалы дерттің еш қатысы жоқ екенін айтты. Алдын ала болжам бойынша жапа шегуші құсығына тұншыққан.

Гамаль ТОҚСАНБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Алдын ала болжам бойынша баланың өліміне асфиксия, яғни асқазандағы тамақтың тыныс алу жолдарын бітеуі себеп болған. Көмейіне ас тұрып қалыпты. Яғни құсығына қақалды деген сөз. Жан сақтау шараларына, жасанды демалдыру шараларына қарамастан бала сол жерде қайтыс болған.

Ойын алаңына жауаптылар келушілердің диагнозын сұрауға міндетті емес екендерін айтады. Ал балаларын ойнату - ойнатпауды ата- аналар өздері шешеді деп отыр. Тек жұқпалы тері аурулары байқалса ғана, ойынға кіргізбейтіндерін көрінеді. Дейтұрғанмен бала өліміне қатысты Қылмыстық Кодексінің «Қауіпсіздік талаптарын сақтамау және адам өліміне әкеп соқтырған қызметтерді ұсыну» бабымен іс қозғалған.

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

«Аталған факт бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде».


«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері ойын алаңы қожайынының құжаттары заңды, арнайы рұқсат қағаздары бар екенін жеткізді. Дегенмен бала құлаған әткеншек тексеруге жіберілген. Ал ойын-сауық алаңы уақытша жұмысын тоқтатыпты.   

А. Қуаш