Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Вашингтон Оман шығанағындағы екі танкердің жарылуына Иранды айыптады

AstanaTV
14.06.2019ж. 20:00
2379
Вашингтон Оман шығанағындағы екі танкердің жарылуына Иранды айыптады

Оман шығанағында екі танкерге жабуыл жасаған - Иран. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео осындай айып тақты. Оман шығанағында норвегиялық және жапондық компанияларға тиесілі мұнай тиелген екі танкерге оқ атылып, отқа оранған. Кеме капитанының бірі торпедалық шабуыл жасалды деп мәлімдеді. Төтенше жағдаймен АҚШ-тың әскери теңіз күштері айналысып жатыр. Бұған дейін де осы аймақта мұнай кемелеріне жасалған шабуыл кезінде АҚШ Иранды айыптаған. Екі ел арасындағы текетірес әлемге қандай қауіп төндіруі мүмкін? Әлішер Өмірзақтың материалында   

Иран жағалауындағы Оман шығанағында мұнай тиеген екі танкерге шабуыл жасалды. Қос кеме де өртке оранды. Бұл бір ай ішінде болған екінші шабуыл. Бұл жолы да АҚШ Иранды айтыптады.

Майк ПОМПЕО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Тегеранды айыптауымызға бірнеше себеп бар. Теңіз кемелеріне жақын арада ұқсас ирандық шабуылдар болған. Пайдаланылған қару түрі, операцияны орындау үшін қажетті біліктілік деңгейі. Бұл аймақта осындай үлкен масштабта, көп ресурстарды талап ететін шабуыл жасау олардан басқа топтардың қолынан келмейді.

Дәлел ретінде АҚШ Қарулы күштері бейнематериал жариялады. Онда танкерге патрульдік катермен жақындап, жарылмаған минаны алып жатқан әскерилер байқалады. Олар Ислам революциясы Күзет корпусының әскерилері делінген. Дегенмен Иран бұл шабуылғы қатысы барын жоққа шығарып отыр. Бірақ өзге елдер АҚШ-пен қосыла айып тағуға асықпады.

Антониу ГУТТЕРИШ, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ:

Мен бұл оқиғаға қатты алаңдаулымын. Әрине, кемеге шабуыл жасағандар жауап беруі тиіс. Барлық фактілерді зерттеп, бұл жағдаймен күресу қажет.

Ал Тегеран бұл жолы да кінәлі еместігін мәлімдеді. Дегенмен елдің Сыртқы істер министрлігі жапон кемесіне жасалған шабуыл Иранға мұнай келісімімен келген Жапония премьер-министрінің сапарымен тұспа-тұс келуі күдік тудырғанын жеткізді.

Джавад ЗАРИФ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Дәл осы жағдай болғанда Жапония премьер-министрі іс-сапармен біздің елге келіп, кездесуде болған. Әрине, күдікті. Барлығын жан-жақты қарау қажет.

Еске сала кетсек, АҚШ пен Иран арасындағы жағдай 1 жыл бұрын ушыққан. Оған себеп Вашингтонның "ядролық келісімнен" шығуы және Иранға санкция жариялауы. Әлемге мұнайдың 40пайызға жуығы тасымалданатын аймақтағы қазіргі жағдай әрбір елдің экономикасына кері әсерін тигізетіндігі анық. Қазірдің өзінде бұл оқиғадан кейін мұнай бағасы 3 пайызға көтерілді.

Ә. Өмірзақ