Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды». Президент Қ.Тоқаев қызметіне кірісті

AstanaTV
15.06.2019ж. 20:00
3198
«Азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды». Президент Қ.Тоқаев қызметіне кірісті

Бүгін халықты ең алдымен не мазалайды?

Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды.

Әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа

әділ қызмет көрсетуін талап етеді.

Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметке кіріскен кезінде айтқан сөзінен бірінші кезекте цитата жасайтын жері, осы сияқты.

 Наразы көңіл, ашу, реніш – мұның бәрі өткенде біз тоқталған Б.Майлиннің «Күлпәш»әңгімесінің деңгейіне дейін жету нүктесінен тарайтын реакция.

 Дегенмен сөздің түйіні етіп Ж.Аймауытовтың 101 жыл бұрын өзі шығарған «Абай» журналына басқан «Ұлтты сүю» мақаласынан мына тұжырымды алдық – Зорлық, қиянат, қанышерлік жоғалып, бір заманда адам баласы бірін бірі маңдайға шертпейтін, жер жүзіне ұжмақ орнайтын шақ бола ма? Жоқ па? Белгісіз болса, алыс, Өзі көксек – тәтті қиял; заман көксететін емес. Ендігі мақсат – аяқ астында қалмай, тырбанып тырна-қатар ретке кіру, дүниежүзінен жоғалып кетпес қамын қылу.

Бұл мақалаға, «Күлпәшқа» бағдарлама соңында тағы тоқталамыз. Қазір Президентті ұлықтау рәсіміндегі сөзді толығырақ Абай Сейфулла әңгімелейді. Ең маңыздысы «алдымен экономика, сосын саясат» саясатын өзгерту, орнын алмастыру пайымы байқалды. Апта ішінде Президент атақты WSJ басылымына интервью бергенде саяси реформаларсыз, Қазақстан табысты ел бола алмайды, деген.

Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алтыншы ұлықтау рәсімі, екінші президентті ресми тағайындау. Бұрынғы инаугурациялардан ерекшелігі – Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайына сән-салтанаты жарасқан кортежбен келген жоқ. Бірақ бұрынғыдай Конституция мен Мемлекеттік тудан кейін алдымен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев кірді. Салтанатты жиынға оппозиционер Әміржан Қосановтан басқа Президент сайлауына қатысқан кандидаттардың бәрі келгенін байқадық. Ал бәрінен де Әнұран шырқалғанда Ақорданың төбесіндегі қос сарбаздың қалт қимылы, зеңбіректің 21 дүркін атысы әсерлі шықты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР-ның Конститутциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, ҚР Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретіндегі алғашқы мәлімдемесін жасады. Ел ішіндегі ала-құлалықты білетінін сездірді, Ашық, әділ жұмыс істеуге уәде етті. Азаматтарды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін деді. Жұртпен диалог жасауға арналған «Ұлттық қоғамдық сенім» кеңесі Инаугурациядан кейін-ақ бірден құрылды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Наших граждан сильно волнует развитие диалога власти и общества. Такой диалог должен строиться на признании плюрализма мнений. Разные мнения, но единая нация. Вот главный ориентир.. 

Халықтың табысына теңгенің құнсыздануы да кері әсер етті. Осылай деген президент бай мен кедей арасындағы алшақтықты жоюға күш салғысы келеді. Наразылық осыған да тірелетінін ашық айтты. Дамудың 10 бағытын атап, ауыз су, сапалы жол, қолжетімді баспана мәселелеріне тоқталды. Мұғалімдердің, дәрігерлердің материалдық жағдайын жақсартамын деді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық та өзекті мәселенің бірі. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін орта мерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет. 

Қоршаған ортаның мүшкіл халін реттеу үшін жаңа экологиялық кодекс қабылданады. Цифрландыру, Рухани жаңғыру бағдарламалары тоқтамайды. Ал таяу арада Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтпек. Ақша бөлгенде басымдықтарды сол кезде анықтайды. Әрине, әлеуметтік сала басымдыққа ие болатыны анық. Себебі «Халықтың табысын арттырамыз» деген сөзден жалыққан елді жұбату да оңай болмай қалды... 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

При этом, власть обязана слышать запросы людей, решать проблемы на местах, регулярно отчитываться перед гражданами. Не обещать, а делать! Такого правила должны придерживаться все члены Правительства и акимы. Для меня, как президента, самым важным являются не общие цифры, а реальное благосостояние всех наших граждан.

Бірінші қыркүйектен жемқорлықпен күрестің тың әдістемесі жасалмақ. Мемлекетті құрдымға құлататын кеселді жою үшін сот қатал болуы керек. Сондықтан сот, құқық жүйесі де реформаланады. Ал мемлекеттік биліктің формуласы - күшті, өкілеттігі жоғары Президент, ықпалды Парламент, жұрт алдында жауапты Үкімет болуы керектігін өзі айтты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау жүйесін қатаңдату керек. Сот - әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті - халықтың сеніміне ие болу.

Жастарға бөлек тоқталды. Президенттік кадрлық резерв осы жаңа буынның ішінен жасақталады. Олардың саны 300 болатынын және жыл соңына дейін тізімі құрылатынын Тоқаев алдында да айтқан еді. Азаматтық сектордан да тартамыз деген. Жалындаған, бірақ бейнелеп айтқанда сүйері жоқ жастарды елең еткізген осы «Президенттік тізімге» қалай енуге болады? Тізім жасақталды делік, қызмет етуге пұрсат беріле ме, жоқ әлде тізімде тізбектеліп тұра бере ме?.. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Особо хочу обратиться к молодому поколению. Вам предстоит сыграть решающую роль в развитии Казахстана, стать движущей силой прогресса. Начал работать специальный проект «Жастар – ел тірегі». Мы реализуем программу развития бизнес-инициатив молодежи «Жас кәсіпкер», будем поддерживать молодежные стартапы. Внедрим программы трудоустройства молодежи.

Абай Сейфулла, тілші:

Транзиттік емес, толыққанды Президентпін деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясына шетелден мәртебелі меймандар шақырылмады. Тек елшілер қатысты. Жалпы, ол өзінің даңғазалықты ұнатпайтынын көрсеткісі келетіндей. Ал саяси реформа, азаматтық қоғамды дамыту және әлеуметтік ахуалды жақсарту туралы пайымдары дәстүрлі риториканың трансформациялана бастағанына нұсқағандай әсер қалдырады.    

Абай Сейфулла, Алмас Жұлыбаев, Тимур Еркетаев "Біздің уақыт"