Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылжарда гараж иелері бас көтерді

AstanaTV
26.07.2019ж. 20:00
2009
Қызылжарда гараж иелері бас көтерді

Қызылжарда гараж иелері бас көтерді. Жергілікті билік өкілдері көлік тұрағының иелеріне жердің тәркіленетіні жайлы ақпарат таратқан екен. Тұрғындар енді темір қораптарды қайда апарып қоятындарын білмей дал. Қалалық әкімдік жұртқа не ұсынып отыр? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тарқатады.

Петропавл тұрғыны Петр Швалюк тұрғын үйдің маңайына гаражды өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары орнатқан. Содан бері нысанды тек көлік тұрағы ретінде ғана емес, құрал-саймандарды сақтайтын орын ретінде қолданып отыр. Жуырда ол әкімдіктен бұл жерлердің сүрілетіні жайлы ескерту қағазын алған. Енді дүние-мүлкін қайда көшірерін білмей, дағдарып отыр.  

Петр ШВАЛЮК, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: 

Мен жолдың арғы бетінде тұрам. Тұрғын үйде жертөле жоқ. Сондықтан барлық нәрсемізді осында сақтаймыз. Немерелерімнің велосипеті, көлігімнің құрал сайманы барлығы осында. Бұның барлығын қайда жіберемін енді?

Жуков көшесінің бойында бас аяғы төрт жүзге жуық гараж бар. Көлікті сақтауға арналған темір қораптар мұнда отыз жылдан астам уақыт тұр. Шаһар ұлғайып, жан-жақтан тұрғын үйлер бой көтере бастаған соң, гараждар зәулім баспаналардың арасында қалып қойған. Бұқара бұл нысандардың әбден ескіріп, қала көркін бұзып тұрғанын түсінсе керек. Сондықтан қасбетін жаңартып, көше сәніне сай етуге көніп отыр.  

Сергей ПОПОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жергілікті билік бізге орынды шеттен бергісі келеді. Бірақ ол жақ күзетілмейді. Көзден таса болған жерге ұры түспесіне кім кепіл? Біздің темір қораптарымызды бұзып, алып кетуі мүмкін. Сондықтан гараждардың осы жерде қалуын қалаймыз. Қажет болса, өз ақшамызға қоршау тұрғызып, маңайын абаттандырып қоямыз.

Клавдия ТРАПЕЗНИКОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: 

Бұл жерді өзіміз қалпына келтіріп, жолды төсеп қойдық. Енді бүкіл еңбегіміз зая кетейін деп тұр. Бұл гараждардың салығын жыл сайын төлеп отырамыз. Мен үшінші топты мүгедекпін. Алысқа барып жүретін мұршам жоқ. Сондықтан гараждардың осында қалуын талап етеміз.

Билік өкілдері гараждардың заңсыз орнатылғанын айтады. Аталған жер учаскілері жеке меншікке өтпеген екен. Сондықтан атқамінерлер жерді тәркілеп, маңайды абаттандыруды көздеп отыр. 

Қайролла ГАЛЕЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазір біз гараждарға арналған басқа жерді қарастырып жатырмыз. Алысқа апарамыз деп ойламаймын. Ол жерде гараж кооперативі құрылады. Жер заңды жолмен рәсімделеді. Тұрғындарға темір қораптарды көшіруге уақыт беріледі. Әлі келмегендерге көмек көрсетіледі.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Айта кету керек, гараждар көшірілген соң, бұл жерде жаңа нысандардың бой көтерілуіне бәрібір рұқсат берілмейді. Себебі, темір қораптар жоғары кернеулі сымдардың дәл астында тұр. Бұл аралықта ен болмағанда саябақты тұрғызудың өзі адамдар үшін қауіпті. Сондықтан маңай тазартылған соң, бұл жер еш кәдеге жарамайды.

А. Құрманкин