Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Керекуде 10 жастағы бала өлімнен аман қалды

AstanaTV
05.08.2019ж. 20:00
2858
Керекуде 10 жастағы бала өлімнен аман қалды

Павлодарда 10 жастағы бала өлімнен аман қалды. Суға батып бара жатқан бүлдіршінді құтқарушылар көріп қалған. Аға-әпкелерімен шомылып жүрген ол байқаусызда тыйым салған белгіден асып кетіпті. Жалпы өткен аптаның өзінде елде 6 бала суға батып, қаза тапқан болатын. Ажалы судан келгендер саны неге азаймай тұр? Мамандар не дейді? Тілші материалында. 

Керекуде суға батқан баланы рейдте жүрген құтқарушы байқап қалған. Ата-ана қарауынсыз қалған бүлдіршін шектелген белгіні көрмепті. Құдай сақтап, төтеншеліктер ажалдан арашалады. Дер кезінде алғашқы көмек көрсетіп, баланың тоқтап қалған жүрегін қайта қалпына келтірген.  

Серік ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біз оны судан алып шыққан кезде ешқандай тіршілік белгілері байқалмады. Бала демалған жоқ. Жағы бәрі қарысып қалған. Аузын ашып басында суды шығарып алдық. Одан кейін реанимациялар жасадық.

Дәрігерлер баланың жағдайы ауыр болған соң, жан-сақтау бөліміне жатқызған. Тіпті «клиникалық өлім» деген диагноз қойыпты. Қазір науқастың беті беріп қарап, жалпы палатаға шығарылды.   

Ботагөз САМАТОВА, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: 

Қазір оның жағдайы қалыпты. Өз-өзіне келіп, есін жиды. Барлығын біліп жатыр. Ешқандай шағымы жоқ. Температура жоқ. Ем алып жатыр.

Елде шомылу маусымы басталғалы ажалы судан келгендер саны 230-дан асқан. Оның 81-і өрімдей бала. Ал өткен аптаның өзінде 24 адам суға батып кетсе, араларында 6 бүлдіршін өмірмен ерте қоштасты. Қазаның басты себебі жауапсыз ата-аналардың кесірінен, дейді мамандар. Солтүстік Қазақстанда да суға кетіп, көз жұмғандар саны көбейіп кетті. Былтыр 13 адам мерт болса, биыл жыл аяқталмай жатып 20 адам қайтыс болған.  

Ерік САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

20 оқиғаның алтауы шомылу кезінде, үшеуі балық аулау, біреуі гидроциклде отырған кезде болған. Қалған қайғылы жағдай түрлі себептермен орын алып отыр. былтырмен салыстырғанда биыл қаза тапқан бүлдіршіндер саны көбейіп кетті.

Ақтауда тыйым салынған орындарда шомылу қауіпті екендігін бейнеролик арқылы ескертуді жөн санапты. Сүңгуірлер адамды тартып әкететін иірімді видеоға түсірген. Бұл қауіпті жерді халық арасында "Шора" деп атайды. Бірнеше күн бұрын осында іссапармен келген 38 жасар ер адам ағып кеткен. Ал оның алдында бір отбасының екі адамы осы "Шорадан" ажал тапқан. 

Бауыржан МЫРЗАҒҰЛОВ, ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Қоршау мен ескерту жазылған тақтайшаларға қарамастан халық осындай қауіпті жерлерде шомылуын тоқтатар емес.

Ал Алматылық құтқарушылар ереже бұзғандарға тіпті айыппұл жоқ екеніне наразы. Кейде көмекке полицейлерді шақыруға мәжбүр боламыз дейді. Оның өзінде ішімдік тұтынғандар ғана айыппұл арқалап кететінін айтады. Мұндағы Сайран аумағында маусым басталғалы 3 адам мерт болыпты.  

Айдын АРҚАБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАМАНЫ:  

Белгілер болған мына жерде. Жұлып тастады адамдар. Сыртта жазылып тұр Сайранда қанша адам батқаны туралы. Адамдарға ескерту берілгенмен, олар бағынбайды. 

Құтқарушылар ажалы судан келгендердің жақын арада азаймайтынын айтады. Елде ауа температурасы тағы көтерілмек. Ал Оңтүстік өңірлерде тіпті 42 градусқа дейін ысиды. Мамандар аса сақ болуды ескертеді. Өйткені шомылу маусымы әлі қызып тұр.  

А. Бектас