Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

1,5 млн отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр

AstanaTV
08.08.2019ж. 20:00
4405
1,5 млн отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр

Елде атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 1,5 млн-ға жеткен. Ал бір көпбалалы отбасы орташа есеппен айына 105 мың теңге алып отыр. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Қазір қаржылай қолдау алатын кейбір отбасылар қосымша кәсіпті де меңгеріпті. Шағын шаруаны дөңгелетіп, үлкен шаңырақты асырап отырған анамен тілшіміз тілдесті. 

Евгения Черкашина біріккен істе береке барын айтады. Ол - 12 баланың анасы. Шаруашылықты ұршықша үйірген келіншек мемлекетке алақан жайып отырған жоқ. Көпбалалы отбасы тауық-қаз асырап, шағын қожалық құрып алған. Тіпті атаулы әлеуметтік көмек алуды мемлекеттік органның өзі ұсыныпты. Енді ақшалай жәрдем жанұяның табысын еселей түсті.   

Евгения ЧЕРКАШИНА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:  

Адамдарға қосалқы шаруашылықпен айнасылуға, яғни мал бағу, жылыжай өсіру деген секілді жәрдем берілгені дұрыс. Ол адам қандай да бір кәсіппен айналысатын болса, мемлекетке тәуелді болмайды. Әлеуметтік мұқтаж жандардың саны азаяр еді.

Былтыр 500 мыңнан аса көпбалалы отбасы мемлекеттен қолдау көрсе, биыл олардың саны 1,5 млн-ға жеткен. Атаулы әлеуметтік көмек арқылы орташа есеппен бір шаңыраққа айына 105 мың теңге түсіп отыр. Қаржылай жәрдем алатындардың көбі Шымкент пен Түркістан облысында тұрады.  

Қанат ҚҰЛШЫМАНОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:  

Атаулы көмектің жаңа форматы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем беріледі. Ал өмір сүру деңгейі жоғары үлкен қалаларда бұл баға сәл жоғары. Мәселен елордада тұратын көпбалалы отбасы мүшелері 23 571 теңгеден алады.

300 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар еңбекке қабілетті. Көпбалалы отбасының 43 мың азаматы тұрақты жұмысқа орналасса, 93 мыңы қаржылай қолдауды біржолғы төлем ретінде алған. Бұдан бөлек, мұндай жанұялар баспаналы болып жатыр. Шығыс Қазақстанда жақында 230 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады. Бұл аймақтық тұрғын-үй бағдарламасының алғашқы кезеңі.  

Эльвира АЛЛАХВЕРДИЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА, ОБЛЫСТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:  

Қазір көпбалалы аналар ең алдымен өз отбасының мүмкіндігі мен жағдайын қарастырады. Мал ұстауға ыңғайлы немесе бау-бақшасының болуы өте маңызды. Қазір үйлі болған аналардың жағдайы жақсы.

Баспанадан бөлек олар қыста көмірмен де тегін қамтамасыз етіледі. Ал ендігі 300-ден аса отбасыға тұрғын үй берудің екінші кезеңі басталды. Қазір жауапты комиссия баспана қарастыру үстінде.  

А. Бектас