Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Өрттен зардап шеккен тұрғындар өтемақы ала алмай жүр

AstanaTV
21.08.2019ж. 20:00
2332
Өрттен зардап шеккен тұрғындар өтемақы ала алмай жүр

Әкімдік уәдесінде тұрмады. Осылай деген Қостанай облысы Затабол кентінің тұрғындары- бір жылдан бері өтемақы ала алмай жүр. Былтыр газ құбырындағы ақаудан өрт шығып, үш пәтерді жалмаған еді. Сол кезде Қостанай ауданы- жапа шеккендерге көмек көрсетеміз деп уәде еткен. Бірақ далада қалған отбасылар несие алуға мәжбүр. Заңғар Санай сабақтайды. {+СЮЖЕТ:}

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ: 

Жергілікті биліктен қайыр болмаған соң, тұрғындар баспананы өз күшімен жөндеуге кіріскен. Бұзылған бұрыштың кірпіші қаланып, жанған шатырдың бөлігі жаңартылған. Жөндеу жұмыстарына 1,5 миллион теңгеге жуық ақша жұмсалғанын айтады. Алайда қатты дүмпуден кейін қалыпқа келтірілген қабырға қайтадан жарыла бастаған көрінеді.

- Нарушение вот этого угла уже дает о себе знать. Неизвестно что будет через год, через 2. Живем, как на пороховой бочке, потому что это камыш и доски.  

Өткен жылы қыркүйек айында құбырдан шыққан өрт Виктория Верестюктің пәтерін шарпып өтіп, дүние -мүлкі өртеніп кеткен. Дер кезінде дабыл қаққан қырағы көршілердің арқасында бүтін бір отбасы аман қалған көрінеді. Тілсіз жаудың зарбадын тартқан Затабол тұрғыны содан бері баспанасына кіре алмай жүр. Пәтерін толық жөндеп алуға ақшасы жоқ. 

Виктория ВЕРЕСТЮК: 

Қол қусырып отырмыз. Шынын айтсам кінәлі тарапты табуға сонша құлқымыз жоқ. Бірақ кім болса да жауапқа тартылғаны жөн. Тым құрығанда жөндеуге жұмсаған қаражатымызды, шығынымызды өтеп берсін.

Қызыл жалын үш отбасыны далада қалдырып, Мерғалиевтер әулетін қызынан айырды. Өрттен кейін қос қабатты үйде көпке дейін жарық, газ, су болмаған. Күздің қара суығында пәтер күзеткен тұрғындардың біріне суық тиіп қайтыс болған. 

Нұржамал МЕРҒАЛИЕВА: 

Ауырып жүрген қызым мүлдем асқынып кетті.Газ болмады.Жарық болмады.Көршілерге барып тамақ іштік.Суық тиді.Жұмыстан шықты.Екі баласы қалды енді...

Аудан атқамінерлері зардап шеккен затаболдықтардың жағдайын жақсы біледі. Әуелі көпшілікке көмектесеміз деп уәде берген жергілікті шенеуніктер жетпіс мың теңге көлемінде материалдық жәрдем көрсетумен ғана шектелген. 

Сәуле ҚАСЫМОВА, ҚОСТАНАЙ АУДАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:  

Біздің бөлімнің атынан мемлекеттік қызмет көрсетілді.Өкінішке орай ол сомма өте үлкен емес.Бірақ заң шеңберінде 72 мың 150 теңге әр адамның басына төленді.

Өтемақы алу үшін өрттің неден шыққанын анықтау керек. Тұрғындардың айтуынша, құбырдың краны газ жіберіп тұрған. Олар көгілдір отын тарататын мекеменің апаттық қызметіне бірнеше мәрте хабарлапты. Бірақ, ақауы бар бөлшек ауыстырылмады дейді. Ал осы оқиғаға қатысты былтыр қылмыстық іс қозғаған аудандық полиция әлі күнге дейін тергеу амалдарын аяқтамаған. 

Мұхтар ЖАЙЛАУБЕКОВ, ҚОСТАНАЙ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:  

Өрт-техникалық сараптама өткізілді. Содан кейін сот-трассологиялық сараптама өткізілді. Оның қорытындысы бойынша қосымша тағы екі сараптама тағайындау туралы сұрақтар туындап отыр.

Полицейлер соңғы сараптаманың қорытындысына сай заңды процессуальдық шешім қабылдайтынын айтты. Ал тұрғындар кінәлі тарап анықталса, өтемақы өндіруді көздеп отыр. 

З. Санай