Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Батыс Қазақстан облысында қоқысқа толған ауылдар бар

AstanaTV
23.08.2019ж. 20:00
3750
Батыс Қазақстан облысында қоқысқа толған ауылдар бар

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданындағы 16 ауыл әкімдігіне қоқыс үшін айыппұл салынды. Прокурорлар ауыл ішінде тазалық жасай алмаған шенділерді осылай жазалаған. Тұрғындардың айтуынша, ауылда қоқыс төгетін жәшіктер жоқ. Сондықтан керексіз тұрмыстық қалдықтар іргеде үйіліп жатыр. Жел соқса, қоқыс ауыл ішіне бет алады деп отыр. Еркін Карин тараптарды тындап қайтты.

- Кісілер кетіп бара жатады да, памперс әлде басқа бірдеме лақтырып кетеді. Оны барып біздің балаларымыз ұстайды. Одан сосын үйге келеді. Бір-біріне жұғады ғой одан. Сосын олар ауруға ұшырауы мүмкін.  

Тұрғындар қорқынышы негізсіз емес. Өйткені ауыл іші де, айнала да шашылған тұрмыстық қалдықтар. Тіпті ауыл іргесіндегі өзенге де ұшып жатыр. Қолқаны қабатын жағымсыз иісі тағы бар.  

Кәмшат ҚОНДЫКЕРОВА, ТРЕКИН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бала-шаға, міне мектеп мына жерде бір аттасаңыз. Балабақша, бәрі шетте мына жерде. Сонда мынаның иісі бармайды дейсіз бе, барады. Біз кешкілікте форточка ашсақ, иісі келеді. 

Бәйтерек ауданы қаладан бар-жоғы 20 шақырымдай жерде орналасқан. Мұнда осы уақытқа дейін арнайы қоқыс төгетін орын болған.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Тұрғындар қоқыс атаулының бәрін осы жерге төгіп келген. Бұдан басқа қоқыс төгетін орын жоқ. Бірақ бұл жерге де тұрмыстық қалдықтарды әкелуге тыйым салыныпты. Ал ашық аспан астындағы мына үйіндінің қашанға осылай жатары белгісіз.

Ауыл әкімі бұл орынның да уақытша екенін айтып отыр. Оралда келесі жылы қалдықтарды өңдейтін зауыт ашылған соң, қоқыс сонда жөнелтіледі деді. Мәселені шешу үшін енді арнайы жәшіктер әкелмекші.     

Сәбит САТҚАНОВ, ТРЕКИН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Біз жоспарладық: мына Трекин аулына 30 шақты керек, Новенький бар біздерде, оған 20 шақты, Володаровкаға 20 шақты, Жайық аулына 20 шақты жәшік керек деп заказ беріп қойдық. Енді келесі 2020 жылы сол жоспарымыз орындалады деп үміттеміз.

Облыстық прокуратура бір ғана Бәйтерек ауданында күл-қоқыстың 60 гектар жерге шашылып жатқанын анықтапты. Тазалықты естен шығарып, қамсыз отырған 16 әкімдіктің әрқкайсысына 50 мың теңгеден асатын айыппұл салған.  

Бауыржан АХМЕТЖАН, БҚО ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ: 

Достық, Рубежинск, Чеботарев ауылдарында қауіпті қоқыс үйінділері газ құбырларына жақын орналасқан екен. Ал ол болса қоқыс өртенген кезде газ құбырларының жарылуына әкеп тудыруы мүмкін. Полигондарда құрылыс және коммуналдық қоқыстардың барлығын араластыруға жол берген.  

Қазір аудан-ауылдары ғана емес, облыстағы моноқала саналатын Ақсай шаһары да күл-қоқыстың зардабын тартып отыр. Қоқысқа толған көшелерді тазартуға әкімдік қауқарсыз. Өйткені тұрғындар қоқыс шығару ақысын уақытылы төлемеген соң, кәсіпорындар бұл істі міндетіне алғысы келмейді.  

Е. Карин