Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Павлодарда 10-ға жуық көлік жуу бекеті 2 айдан бері сусыз отыр

AstanaTV
11.09.2019ж. 20:00
2447
Павлодарда 10-ға жуық көлік жуу бекеті 2 айдан бері сусыз отыр

Павлодарда 10-ға жуық көлік жуу бекеті жұмысын тоқтатты. Оларды 2 ай бұрын судан ажыратып тастаған. Қаланы сумен қамтитын монополист компания "суды заңсыз қостыңдар" деп қомақты айыппұл да салып кетіпті. Тығырыққа тірелген бизнесмендер арнамызға шағымданды. Павлодарлық тілшіміз Өзгеріс Қуанар мән-жайды білді. 

Бұл - көлік жуу бекеті 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Тұрақты келушілері де бар. Алайда бір түнде сусыз қалған. Түнгі екілер шамасында сумен қамту мекемесінің мамандары келіп, судан ажыратып кетіпті. Заңсыз суға қосылдыңдар деп айып таққан. Сол үшін кәсіпорынға 9 жарым миллион теңгеден артық айыппұл салыпты.     

Светлана БЕКІШЕВА, КӨЛІК ЖУУ БЕКЕТІНІҢ ӨКІЛІ: 

Біздің барлық құжаттарымыз талапқа сай. Суды есептеу құралы да қойылған. Олардың айтуынша, бізге суды өшірсін деген бұйрық келді, сондықтан өшіреміз - деді. Ешқандай себеп те айтпады. Қандай себеп екенін өзімізде түсінбей қалдық.

Ал екінші бір осындай бекет 2 жарым млн. теңгенің айыппұлын арқалапты. Олар да өздері ескерту жасалмағанын алға тартады. Күніне 100-ден астам көлікке қызмет көрсететін бекетте 20 адам жұмыс істеген. Кәсіпкер монополист компанияға ешқандай қарызы жоқ екенін айтады.   

Данияр АБСАТТАРОВ, КӘСІПКЕР: 

Біздің тарапамыздан ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Міндеттерімізді уақытында атқарып, төлемді де уақытылы төлеп тұрдық. Қазіргі уақытта біздің көлік жуу бекеті 2 айдан бері жұмыс істемей тұр. Көлік жуушылар жұмыссыз қалды. Қызметкерлеріміздің көбі жұмыс іздеп бізден кетіп қалды. Енді жұмысшыларсыз қалдық.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ: 

Бұл көлік жуу бекеті тек жазғы уақытқа ғана арналған. Қалада осы секілді 10-ға жуық бекет қаңтарылып бос тұр. Соның кесірінен кәсіпкерлер шығынға батып, қарапайым тұрғындар жұмыссыз қалған. Көпшілігі бизнесін дамыту үшін қомақты көлемде несие алыпты.

Шаһарды сумен қамтып отырған «Павлодар - Су арнасы» мекемесі қарыз төленбей, су берілмейтінін ескерткен. Аталған мәселе бойынша мекеме басшысы сұхбат беруден бас тартты. Тек жазбаша жауап қайырды.  

«Павлодар - Водаканал» ЖШС мамандары жұмыс жүктемесінің көптігіне байланысты сіздерге жауап бере алмайды. Ал автокөлік жуу бекекінің иелері өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша мекемеге хабарласуына құқығы бар.   

Енді шығынға батқан кәсіпкерлердің ісін «Атамекен» палатасы өз қолына алды. Екі тарапты шақырып, даулы мәселені ашық түрде шешуді ұсынғанымен, сумен қамту мекемесі бұған келіспеген. 

Лашын САРБАСОВА, ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАР МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: 

Біз үшін олар 2 бөлек бизнес нысаны. Бірақ, біріншісі шынымен де монополист екенінін мойныдауымыз керек. Ал екініші кәсіпорын қатардағы кәсіпкерлер. Сондықтан біз бұл сұрақты алдағы уақытта да бақылауда ұстайтын боламыз. Оларға кеңес беріп, көмек көрсетеміз.

Шыдамы таусылған кәсіпкерлер монополисті сотқа бермекші. Қазір олар өздерін қорғайтын заңгерлер жалдағанын, бізге хабарлады.  

Ө. Қуанар