Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Павлодар облысында бұқа қожайынын сүзіп, өлтірді

AstanaTV
12.09.2019ж. 20:00
2985
Павлодар облысында бұқа қожайынын сүзіп, өлтірді

Павлодар облысында бұқа, өз иесін өлтірген. Қайғылы жағдай Ақсу ауылдық аймағына қарасты Ақжол ауылында болды. Қатты соққыдан болар, мал иесі оқиға орнында жан тапсырыпты. Ауылды дүліктірген оқыс жағдай туралы Өзгеріс Қуанар баяндайды. 

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Оқыс оқиға кеше таңертең ауыл маңында болған. Қорадан шығып кеткен малын қайыруға кеткен иесі үйге қайта оралмапты. Ізін ала оны іздеуге шыққан ұлы әкесінің қан жоса болған денесін даладан тауып алған.

 Қайғы жамылған отбасы, әлі ес жия алар емес. Әкесінің денесін тапқан ұлы бізбен тілдесуден бас тартты. Ал келіні Иринаның айтуынша оқиғаны ешкім көрмеген.

Ирина ДАВАЛЬЧЕНКО, КЕЛІНІ:

Маған қоңырау шалып, атаңды бұқа сүзіп өлтірді дегенде өз құлағыма өзім сенбедім. Бұқа қалай адамды өлтіруі мүмкін деп. Бәріміз де сенбедік. Қатты шошып қалдық. Бұлай болады деп кім ойлаған. Ол малды жақсы көретін. Ол өмір бойы мал бақты.

Ауылдастарының айтуынша, марқұм қара малды бордақыда ұстаған. Бірақ, иесі бұл бұқаны бірде-бір рет сыртқа шығармапты. Байлауда тұрып зеріккен мал босай сала бірден далаға қаша жөнелген - деп отыр.

- Артынан келіп соққан дейді бұқасы. Беттен-бет жоқ дейді. Сүйретіпті дейді біраз кішкене мүйізінен ұстап. Баласы келіп тауып алған ғой деймін. 

Аталған жайтты полиция тіркеп, мәйітті сараптамаға жіберген. Құқық қорғау органдарының айтуынша, бұндай жағдай аймақта алғаш рет тіркелген.

Жанна БІЛӘЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАТАРМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Мал иесіне бағынбай, өріске қашыпты. Артынан қуып жеткенде, бұқа бірнеше мәрте сүзіп, оған дене жарақатын салған. Өкінішке қарай, иесі сол жерде қайтыс болып кетіпті.

Жақындары мен ауылдастары марқұмның еңбекқор адам болғанын айтады. Жақында ғана 62 жасқа толған. Иесін өлтірген бұқа болса, қазір үйінде байлаулы тұр. Ветеринар келіп, малдан қан алған. Оны сараптамаға жіберіпті.

Ө. Қуанар