Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Саяжайы өртенген оралдықтарға өтемақы төленбек

AstanaTV
09.10.2019ж. 20:00
3242
Саяжайы өртенген оралдықтарға өтемақы төленбек

Саяжайы өртенген оралдықтарға өтемақы төленеді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінен мәлімдеді. Тілсіз жаудан қала шетіндегі саяжайдағы 30 үй отқа оранды. Абырой болғанда адамдар аман. Саяжай күзетшісінің сөзінше, от бағбандар кетіп қалғаннан кейін тұтанған.

Өрт жексенбі күні кешкісін шыққан. Бұл кезде бағбандар қаладағы үйлеріне кетіпті. Әйтпесе олар да зардап шегер еді, дейді саяжай күзетшісі. Өртпен алысып жүргенде өзінің де үйі өртеніп, сау-тамтығы қалмаған. Енді көршісінің үйін паналаудан басқа амалы жоқ.

Евгений СУРИКОВ, САЯЖАЙ КҮЗЕТШІСІ:

Қып-қызыл оттың ортасында қалдым. Үйіммен бірге өртеніп кетем бе деп үрейім ұшты. Әйтеуір сыртқа шығып үлгірдім. Жақындап қалған жалынды сабалап жүріп сөндіріп, бірқатар үйді сақтап қалдық. Шамасы осы маңға демалуға келгендердің бірі от жағып, өрт содан шыққан сияқты.

Валерий ПИГЕЕВ, САЯЖАЙ ИЕСІ:

Мұндағы саяжайлардың құны 400 мың теңгеден аспайды. Бірақ ішіндегі дүние-мүлік, өзге де заттардың бәрі де керек. Енді соның бәрі өртеніп кетті. Қызыл жалынның кесірінен қып-қызыл зиян шектік.

Әзірге саяжайдағы 30 үйдің өртенгені белгілі болды. Төтенше жағдай мамандары олардың иелеріне өтемақы төленетінін мәлімдеді. Тіпті құжатын рәсімдеуге де көмектеспек. Бірақ өртенген мүліктің иесін табу оңай емес.

Жасұлан ЖҰМАШЕВ, БҚО ТЖД БАСТЫҒЫ:

Кеше іздедік, бүгін іздедік. Олардың қожайындарын білмейміз. Олардың қағазда фамилиясы бар. Ол кісінің қайда екенін ешкім білмейді. Бір-бірінен сатып алған ба, сатқан ба, сондай. Біздің департаментке олар келіп, сол жерде барлығына өрт болған құжаттардың барлығын жинап береміз.


Құтқарушылар дерегінше, 150 гектар орманды алқаптағы өртті өшіруге 200-дей өрт сөндіруші мен полицейлер және ерікті жасақшылар жұмылдырылған. Тілсіз жау күш бермеген соң, өрт сөндіру пойызы да қолданылыпты.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қазір тұрғындар шелекпен су тасып, жанып бітпеген ағаштардың шоғын өшіріп жатыр. Өйткені жел тұрса, мына жердің қайтадан қызыл жалынға орануы мүмкін. Тұрғындар осыдан қауіптенеді.

Е. Карин