Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қырғыз еліндегі президент сайлауы қорытындысы бойынша Сооронбай Жээнбеков таққа отырды

AstanaTV
16.10.2017ж. 20:00
2492
Қырғыз еліндегі президент сайлауы қорытындысы бойынша Сооронбай Жээнбеков таққа отырды

Президент Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз еліндегі сайлауда жеңіп шыққан Сооронбай Жээнбековты құттықтап, жедел хат жолдады, - деп хабарлайды Ақорда. Елбасы құттықтауында "екі ел арасындағы қарым-қатынас мұнан әрмен артады деп сенемін, Сізге жауапты қызметіңізде сәттілік тілеп, бауырлас Қырғыз еліне ашық әрі бейбіт аспан тілеймін" делінген. Сайлау қорытындысы бойынша 58 жастағы Сооронбай Жээнбеков 54 пайыз дауыс жинаған. Ал басты қарсыласы Өмірбек Бабанов 33 пайыз дауысқа ие болған.

Қырғыз еліндегі сайлауалды компаниясы үміткерлердің бір біріне «айтпағанды» айтуымен есте қалатын сыңайлы. Тіпті билікті күшпен басып алмақ болды деп ұсталғандар да бар. Дегенмен халықаралық сарапшылар бұл саяси шараға «ең әділ сайлау» деген баға берді. Дауыс берудің аяқталуына 1 сағат қалғанда екінші кезеңнің қажеті жоқ екені белгілі болды. Басты қарсыластан 21 пайыз көп дауыс жинаған, бүгінгі президент ұсынған кандидат жеңіске жетіп отыр.

Нурджан Шайлдабекова, Қырғыз Республикасы ОСК басшысы:

Жээнбеков Сооронбай көш бастап отыр. Екінші орында Бабанов Өмірбек,үшінші орында Мадомаров. Пайыздық өлшеммен Жээнбеков 54,2%, Бабанов -33,47% жинады. Сайлау штаттық режимде өтті.

Орталық сайлау комиссиясы өкілі Жээнбековты елдің 5 облысы қолдады дейді. Дауыстың басым көбі оңтүстік өңірмен Ош және Бішкек қалаларынан жиналған. Жаңа президент Қырғыз елінде мықты экономист ретінде танымал.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының жаңа сайланған президенті:

Мен бүгін елдің сабақтастығы мен дамуы үшін және отанымның болашағы үшін дауыс бердім.

Бұрынғы мұғалім 3 рет жоғарғы кеңестің депутаты болған. Мұнан өзге ауыл шаруашылығы министрі мен премьер-министр лауазымдарын атқарған. Атамбаевтың кезінде үкіметті Өмірбек Бабанов та басқарған еді. Ал 2010-шы жылдары Сооронбай Жээнбеков мансабын бәйгеге тіге отырып өз туғандарымен бірге Оштағы митингтерге қатысқан.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының жаңа сайланған президенті:

Қырғызстан демократиялық мемлекет екенін, елдің тағдырын тек қана қырғызстандық азаматтар шешетінін барша әлемге көрсетті. Алдағы 6 жылда барлық сала дамитын болады. Біз реформаларды аяқтап, жаңа жоспарларды орындауға кірісеміз. 

Осылайша Жээнбеков ірі жоспарларын жайып салды. Ең алдыңғы кезекте халықаралық аренадағы орнын айқындап, көршілес елдермен қарым-қатынасын дұрыстайтын сыңайлы. Сайлаудан кейінгі баяндамасында ол Қазақстанмен және өзгеде елдермен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнататынын мәлімдеді.