Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қостанай облысында отшашудан мәдениет ошағы отқа оранды

AstanaTV
14.10.2019ж. 20:00
1760
Қостанай облысында отшашудан мәдениет ошағы отқа оранды

Алаулаған ауыл күні. Қостанай облысында отшашудан мәдениет үйі отқа оранды. Қызыл жалын 570 шаршы метр аумақты шарпыған. Осылайша былтыр ғана 300 миллионға  жөндеуден өткен ғимарат шатырсыз қалды. Қып-қызыл ақша жұмсалған бюджет шығынын кім өтейді? Заңғар Санай сұраққа жауап іздеп көрді.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Қарабалық кентінің тоқсан жылдық торқалы тойы қазанның он екісі күні дүркіреп өтті. Дүйім жұрт орталық алаңға ағылып, ауыл күніне арналған мерекелік шараны тамашалады. Бағдарлама бойынша концерттің соңы отшашуға ұласқан.


Алайда, аспанға атылған фейерверк шоғы мәдениет үйінің үстіне құлаған. Ғимараттан небәрі он метр жерге орналасқан отшашудан от шығып, алты жүзге жуық шаршы метрді өрт шарпыған. Мерекелік шараны ұйымдастырушылар аудандық отшашу мәдениет үйінің маңында болады деп төтенше жағдайлар бөліміне ескертпеген. Ал қауіпсіздік талаптарына сай мамандарға хабарлануы керек болған.

Талғат КӘКІМОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСШЫСЫ:

Өрттің шығуына біріншіден пиротехникалық бұйымдарды дұрыс қолданбау себеп болған. Екіншіден - өрт қауіпсіздігі ережелері ескерілмеген. Отшашу кем дегенде ғимараттан 50 метр қашықтықта ұйымдастырылу керек. Сол ереже сақталмаған.

Былтыр ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өрт қауіпсіздігіне қатысты түйткілдер түгел шешімін тапқан көрінеді. Мәдениет ошағын қайта жаңғыртуға облыстық қазынадан 289 миллион теңге жұмсалған. Өрт шалған шатырды енді аудандық бюджет көтереді.

Ерлан ҚАЛМАҚОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазір аудан әкімдігі шұғыл арада жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті қаражат іздеуде. Өрт сөндіргенде кейбір тұстарына төбесінен су тамшылаған. Жалпы ішкі мүліктері бәрі де сақтаулы. Ары қарай жұмыс істеуге болады. Ешқандай қиындық жоқ. Көрермендер залы да ешқандай зардап шеккен жоқ. Тек ғана төбесі зардап шеккен.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Пиротехниканы қолдану ережесін ескермей,ел-жұртқа қауіп төндірген тұлғалардың кім екені белгісіз. Отшашуды он метрлік жерден атқан адамдар тергеу барысында анықталмақ. Олар қандай жазаға тартылады? Шығынды өтей ме деген сауалға да ешкім жауап бере алмады.


З. Санай