Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодарда бұзақылар әскери даңқ саябағында қойылған жауынгерлер мүсіндерін қиратып кетті

AstanaTV
17.10.2019ж. 20:00
3409
Павлодарда бұзақылар әскери даңқ саябағында қойылған жауынгерлер мүсіндерін қиратып кетті

Павлодардағы әскери даңқ саябағына қойылған жауынгерлер мүсіндерін бұзақылар қиратып тастаған. Бірақ ешкім арызданбаған соң бұзақыларды ешкім іздеп те жатқан жоқ. Ұлы Отан соғысында қаза болған сарбаздарға арналған ескерткіш 2011 жылы ашылған еді. Тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған саябақты кімдер қиратуы мүмкін? Мәселеге Өзгеріс Қуанар үңіліп көрді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Бұл маңда жауға қарсы аттанып бара жатқан жауынгерлер мүсіні бейнеленген. Олардың қолында граната, дүрбі, мылтық секілді қарулары болыпты. Алайда, бұзақылар бұның барлығын сындырып, мына жауынгердің қолындағы қаруды жұлып алып, үйіне алып кеткен жағдайлар да болған екен.

Саябақ әскери даңқ мұражайы аумағында орналасқан. Музей жетекшісі Рустам Тыштықов мүсіндерді саябаққа келген балалар қиратты деп отыр.  Бұл ата-аналардың жауапсыздығы - дейді. Балалар мүсіндердің үстіне шығып ойнайды. Тіпті селфи жасамақ болған жасөспірімдерді де бірнеше мәрте қуалағанын айтты. Шыны пластмассадан жасалған мүсіндер ауыр салмаққа шыдамай сынған.

Рустам ТЫШТЫҚОВ, ӘСКЕРИ ДАҢҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Кейде  жасөспірімдер сарбаздардың мойынан шығып, ойнап,  селфи жасайды. Бұл жағдайда мен үнемі ескерту жасайтынмын. Бірақ, бәрін бірдей бақылау мүмкін емес.

Бұзақылар мүсіндерді сындырып ғана қоймай, түрлі жазулар да жазып кеткен. Саябақ аумағында бейнекамера қойылғанмен, ол да істен шыққан. Саябаққа жеке күзет те қойылмаған.

Самал СӘМЕНОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:


Кіші формалардың жағдайы, саябақты күту мәселесін облыстық мәдениет, тілдерді дамту мен архив ісі басқармасы таныс. Себебі, аумақта Әскери даңқ музейі орналасқан. Аталмыш музейммен жергілікті полиция қызметіне аумағына бейне камераларды орнату, полициялық пост құру бойынша хаттар жолданған болатын.

Бір қызығы бұл аумақ қараусыз қалған. Мәдениет басқармасындағылар бұған қалалық ТҮКШ  жауапты десе, жергілікті билік саябақ "балансымызға жатпайды",- деп жазбаша жауап қатты. Полиция мүсіндердің бүлінгеніне қатысты арыз түспегенін айтты. Дегенмен тұрғындар саябақтың сақталғанын қалайды.  

Десе де, әкімдік тарихи орын болғандықтан, бүгінен бастап мүсіндерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетіндігін  хабарлады. Болашақта паркті өз қарауына алып,  абаттандыру жұмыстарын да жүргізуді жоспарлап отыр. 

Ө. Қуанар