Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Каспий құбыр консорциумы Қашаған мен Теңіздің барлық мұнайын қабылдап, өткізуге дайын

AstanaTV
13.10.2017ж. 20:00
5529
Каспий құбыр консорциумы Қашаған мен Теңіздің барлық мұнайын қабылдап, өткізуге дайын

Каспий құбыр консорциумы Қашаған мен Теңіздің барлық мұнайын қабылдап, өткізуге дайын. Консорциумның бас директоры ресейлік Николай Горбань құбырдың жаңғыртылу жобасы бойынша салынған Атыраудағы үшінші мұнай айдау станциясы осындай мүмкіндік беріп отыр деді. Осылайша, Каспий құбыр консорциуымы Қазақстан аумағындағы қуаттылығын кеңейту жобасын толықтай аяқтады. Жаңа станцияның ашылу салтанатына Айгүл Әдепбай да қатысып қайтты.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз кен орындарының қара алтынын Ресей арқылы Еуропаға айдап жатқан алтын болмаса да, алтынға бергісіз құбырлар, міне, осы. Үшінші мұнай айдау станциясы құбырдың қуаттылығын жылына 52-ден 60 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа станция мұнай айдау қуаттылығын жылына 67 млн тоннаға дейін арттырады деп жоспарланған. Ол Қарашығанақ кен орны кеңейтілген күннің өзінде, барлық мұнайын тасымалдай алады, бұдан артық кеңейту жоспары жоқ, - деді бас директор.

Николай Горбань, Каспий құбыр консорциумы бас директоры:

Бастапқы жоспар, өзгеріске ұшырады. Жүк жеткізушілерінің берген ұсыныстары бойынша солай болды. Енді биыл жүйеге 55 млн тонна мұнай қабылдаймыз деген болжамымыз бар.

Николай Горбаньнің айтуынша, 67 млн тонналық жоспар әбден қолжетімді. Өйткені қазақ мұнайының 70 пайыздық экспорты дәл осы құбыр арқылы кетіп жатқанын жеткізді. Алайда 2018 жылы қанша мұнай өткізуге дайын екендерімен бөлісуге асықпай отыр. Өйткені бұл көлемдер мұнай жеткізушілерінің берген өтінімдеріне байланысты. Дегенмен Ресейге салынып жатқан АҚШ санкцияларының құбырға қытысы болмайды, - деп сендірді косорциум басшылығы.

Николай Горбань, Каспий құбыр консорциумы бас директоры:

Қаңтар-қыркүйек айларында экспортталған қазақ мұнайының 6 млн тоннасы Қашаған шикізаты. 7,8 млн тоннасы Қарашығанақтікі және 21 млн тоннадан астамы Теңіз кен орнынан алынды. Қалғаны - Ресей мұнайы. 2018 жылдың көлемі бойынша әзірге айту ерте.

Каспий құбыр консорциуымынан Қазақстан бюджетіне 2016 жылы 21,15 млрд теңге  түскен. Ал биылғы 9 айда қазына 14,61 млрд теңгемен толықты. Жыл соңында республикалық бюджетке 24,97 млрд теңге салық түседі деген болжам бар. Алайда жаңа жоба қазынаны қаншаға толықтырады дегенде, нақты сандарды айта алмады энергетика министрінің өкілі.

Ғани Сәдібеков, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Қазіргі уақытта мен сіздерге бұл сұраққа толық жауап бере алмаймын. Рұқсат болса, жазбаша берейік.

Каспий құбыр консорциумы қазақ даласындағы аумағын кеңейтуді 2011 жылы бастады. Бастапқы қуаттылығы 28 млн тонна болған. Құбырдың жалпы ұзындығы 1511 шақырым. Қазақстанның Теңіз кен орнынан Ресейдің Новороссийск қаласына дейін барады. Бұл маршрут арқылы қазақ қара алтынының үштен екі бөлігі экспортталады.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Жаңадан ашылған станцияға қазақтар Исатай батырдың атын беріп, өзара Исатай деп атап кеткен. Бұл ұсынысты ресейліктерге айтып еді, олар ойланамыз деп қысқа жауап қайырды. 

Ойланатын жөні бар. Құбыр акцияларының 31 пайызы - Ресейдің еншісінде. Қазақстан 20,75 пайызына иелік етеді. Қалғаны шетелдіктердің қолында.

Айгүл ӘДЕПБАЙ