Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбе облысында қыс басталмай жолда қалған автобус жолаушысы қаза тапты

AstanaTV
05.11.2019ж. 20:00
2128
Ақтөбе облысында қыс басталмай жолда қалған автобус жолаушысы қаза тапты

Ақтөбе облысында қардың құсауынан шыға алмаған автобустың жолаушысы қаза тапты. Марқұм 63 жастағы Тәжікстан азаматы  екені белгілі болды. Ол Ресейден Отанына бағыт алған. Қоғамдық көліктің Әйтеке би ауданы маңында жолда тұрғанына бір тәуліктен асыпты. Қазіргі таңда бұдан өзге тағы бірнеше адам медициналық көмекке жүгінген. Қарды тазалау жұмыстарына жолда қалған көліктер кедергі келтіріп отыр. Облыстағы бүгінгі жағдайды Бақыт Рахметова баяндайды.

Қайғылы оқиға таңғы сағат алтының шамасында Әйтеке би ауданы маңында болған. Қар құрсауынан шыға алмай қалған автобус Ресейден Тәжікстанға бағыт алыпты. Шетел азаматтары мінген қоғамдық көлік жолаушылары түнде өз көліктерінде қонып шыққан.

Нұрлыбек АЙЖАРЫҚОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:


Ол кісілер кемпингте орналастырды. Ол жерде олар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген болатын. Сол жерден тамақтанғаннан кейін автобусқа барып орналасқан. Автобуста болған кейін намаз оқимын деп сыртқа шығып сол жерде көз жұмған.


Қаза болған тәжік азаматына арнайы сараптама жасалып, оның жүрегі кенеттен тоқтап қалғаны анықталған.  Қазіргі таңда марқұмның денесін туған жеріне жеткізу мәселесі қаралмақ.  Аймақтың күш құрылымдары бір тәуліктен бері күшейтілген тәртіптегі қызметке көшкен. Жауапты мамандар жолда қалған көліктер қар тазалауға кедергі болып отырғанын айтты.

Әкімжан ӨТЕМҰРАТОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ  БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:


Біздер қар тазалау орнына, қазір біздер бүкіл батып қалған машиналарды жолдан шығару жұмыстарымен айналысудамыз. Егер жол үстіңде мынадай машина болмаса қар тазалауға жаңағы айтылған 15 техника толық мүмкіндігі бар.


Құтқарушылар жолға шыққандарға жылы киініп, өзімен бірге қар аршуға қажетті құрал-жабдықты алу қажеттілігін ескертеді. Ең бастысы қысқы дөңгелек болуы міндетті деді. Қала ішінде қар да, мұз да жоқ. Дегенмен бүгіннің өзінде дөңгелек ауыстыратындардың жұмысы қызыпты. 

Александр КОМАРЬ, ДӨҢГЕЛЕК ЖӨНДЕУ СТАНСАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Көліктер қазірдің өзінде келіп жатыр. Қысқы дөңгелектерін ауыстырып жатыр. Күніне елу шақты көліктің дөңгелегін алмастырамыз. Бірақ ертең қар түсіп, көк тайғақ басталса бұл жерде ұзын сонар кезек болады. 

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:


Бүгін облыста ауа-райы тұрақтанып, барлық бағыттарға жолдар ашылды. Десе де, "Ақтөбе-Қызылорда" бағытына бет алған жолаушылармен қауіпті аумақтардан өткенше полиция көліктері ілесіп жүрмекші.

Б. Рахметова