Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Керекуде сарышұнақ аяздан 2 автобус жолда қалды

AstanaTV
20.11.2019ж. 20:00
2254
Керекуде сарышұнақ аяздан 2 автобус жолда қалды

Керекуде сақырлаған сары аяздан екі автобус жолда қалды. Абырой болғанда 60 жолаушы дін аман. Аяз көтерілгенде алыс жолға шыққандардың арасында шетел азаматтары көп. Үскірік аяз келгелі солтүстік өңірлердегі құтқарушылар күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшкен. Олардың сарышұнақ аязға дайындығы қандай? Тілшілеріміз сабақтайды.  

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ: 

Павлодар облысындағы оқиға таңғы 5-30 шамасында болған. Ресейден шыққан жолаушылар автобусы Екібастұз қаласының Бозшакөл елді-мекеніне жақын маңда сынып қалған. Құтқарушылар жолда қалған 45 адамды дереу жылыту бекетіне жеткізіпті.

Аймақтың төтенше жағдайлар департаменті салондағы жолаушылардың 45-і Тәжікстан азаматы екенін айтады. Олар Ресейден Шымкентке бет алған.     

Ернұр ӨТЕГЕНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ: 

Ешкімге ешқандай қауіп, денсаулығына зиян болған жоқ. Онда біздің қызметкерлер және атқарушы органдар сонымен қатар бізде орналасқан трассалық медициналық пунктінің автокөлігі мен қызметкерлері және жергілікті патрулдік полиция қызметкерлері қатысқан болатын.

Ал екінші автобус Қарағандыдан Омбыға жолға шыққан. Павлодар-Қызылорда тас жолының 35 шақырымында көлік тоқтап қалыпты. Салонда 12 адам болған. Оның төртеуі Ресей азаматы.  

Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Жолда қалып қойған автобустардың бірі жазғы дизелдік отынды пайдаланған. Сол себептен ол қатты аязға шыдамай, қатып қалды. Сондықтан алыс жолға шығатын көлік жүргізушілеріне жазғы жағар-жанармайды пайдаланбауға кеңес береміз. Бұл қыс басталғалы бері болған екінші жағдай.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ: 

Қазіргі күні жолаушылардың барлығы діттеген жеріне жету үшін қайтадан жолға шықты. Қазгидромет мамандары өңірде ауа райы күрт суытып, боран болуы ықтимал екенін айтады. Сондықтан төтеншеліктер алыс жолға шықпауға кеңес беріп отыр. Ал Қостанайдағы жағдай қалай? Әріптесім Заңғар Санайға кезек берсем. Заңғар?!

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ: 

Өзгеріс,өзің айтқандай біздің өңірде арқасынан Арқаның аязы өтіп, ат-көлігі бұзылып жолда қалған адам жоқ. Дегенмен төтенше жағдайлар депертаментінің қызметкерлері күшейтілген режимге көшіп, тоғыз жолдың торабында кезекшілікке шықты. Мамандардың хабарлауынша, тәулік бойы 112 жедел құтқару қызметіне ешбір жан хабарласпаған.

Азамат ОРЫМБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы күшейтілген кестеге көшті. Соған байланысты барлық біздің жеке құрам және арнайы жол талғамайтын техника барлығы әзірленіп, төтенше жағдай болып қалған жағдайда іс-әрекет жасауға дайын.

Кешелі бері облыста 26 жылыту бекеті ашылған. Жолда қалған жолаушылар осында жылынып, түнеп шығуына болады.   

Сұлтанбек ДОСМАЙЫЛОВ, МЕХАНИК: 

Пунктіміз жақсы, жылы. Аяз күндері жұрттар жолда қалып қойса, өз көлігімізбен барып осында жеткіземіз. Адамдарды осында жылытып, машинасына көмегін беріп сосын жолға шығарып саламыз.

Жылыту пункттерінен бөлек, облыстағы тас жолдардың бойында тағы 104 арнайы бекет адамдарды қабылдауға әзірленген. Көлігі бұзылып немесе дизель отыны қатып қалған жағдайда жүргізушілер дереу 112 телефонына хабарласса болғаны - деді төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері. 

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ: 

Қарашаның қатты суығына байланыста бүгін 7 сыныпқа дейінгі оқушылар сабаққа барған жоқ. Дәл қазір Қостанайда ауа температурасы минус 20 градусты көрсетіп тұр. Бірақ 28-30 градустай аяз сезіледі. Синоптиктер сарышұнақ аяз ертеңге дейін сақталады деген болжам айтады.

З. Санай, Ө. Қуанар