Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырауда мереке күндері бірнеше мөлтекаудан жылу мен жарықсыз қалды

AstanaTV
03.12.2019ж. 20:00
1620
Атырауда мереке күндері бірнеше мөлтекаудан жылу мен жарықсыз қалды

Атырау облысының жартысы 3 күн бойы жарық пен жылусыз қалды. Кейбір аудандар мен қаладағы бірнеше мөлтекаудан халқы мереке күндерін салқын үйде өткізді. Халықты жылусыз қалуына жылу беруші мекемелердегі апатты жағдай себеп болған. Тілшіміз тарқатады.

Алмагүл мөлтек ауданының тұрғыны Гүлнәз 3 бөбегін ертіп, балабақшадағы баласын алуға бара жатыр. Жарық болмағандықтан тәрбиешісі хабарласып, алып кетуін өтінген. Жас ана үш күннен бері салқын үйде дірдек қаққан сәбилерді ауыртып алудан қорқады.
 
Гүлнәз ЖӘЛЕЛ:

 
Үш күн болды уже свет болмағанына. Жылу жоқ. Свет болмаған соң жылу өшіп қалады, су өшіп қалады. Бізде тамақтың бәрі электрический болғандықтан балаларға міне,  тамақ та пісіре алмай отырмыз. Үш баламен жүрмін. Садиктен алып кетейін деп жатырмын. Садикте де свет жоқ деп. Оны да алып кетем қазір.  Садикті де түсінуге болады, оларда да тамақ токтан ғой. Үйдің іші сап-салқын осы тұрған кезде.

Мәншүк МАҒЖАНҚЫЗЫ:

Бірінші рет емес, бірнеше рет. Светіміз сөніп, жылуымыз жоқ қазір данный момент. Түнімен қақап шықты балалар гриповать етіп ауырып жатыр балалар бар үйде. Апамыздың үйінде жүрміз кешеден бері.


Жарық  пен жылудан соң ыстық су мен байланыс та оқтын-оқтын үзілген. Осылайша Атыраудың бес  ауданы мен  қаладағы бірнеше мөлтекаудан  халқының мерекеде берекесі қашты. Аймақтағы кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың да жұмысына кедергісін тигізді.  Бүгін таңертең 7 балабақша бүлдіршін қабылдаған жоқ.

Гүлмира ҚАЛЕКЕШОВА, №18 «БАЛДЫРҒАН» БАЛАБАҚШАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
 
Светтің сөнуіне байланысты іш салқын болды. Канализация да, су да дұрыс жүрмегесін ескі ғимаратымызда бала қабылдай алмадық. Бірақ жаңа ғимаратымызда бала қабылдады.

Әлеуметті әбігерге салған  проблемаға бүгін түске таман жауапты мамандар түсінік берді. Айтуларынша, алғашында  жылу электр орталығында, кейін Маңғыстау Атом Энергетика комбинатында  апатты жағдай болған. Сондықтан ток қуаты 270 мегаваттан 140 мегаватқа төмендеген.

Ғабиден ҚАНАТОВ, «АТЫРАУ-ЖАРЫҚ» АҚ ҚАЛАЛЫҚ ЭЛЕКТР ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ БАСШЫСЫ:

 
2 декабрьдегі жағдай Маңғыстаудағы МАЭКтың екі блоктың істен шыққанына байланысты. Неге десеңіз біздің резервтік питание сол жақта. Сол өзінің қуатын қамтамасыз ете алмай қалды. Сондықтан шектеу берді. Бүгінгі 3 желтоқсандағы жағдай қазір таңертең болды. Қазіргі таңда жағдай қала бойынша бірқалыпты. Ешқандай отключение жоқ. Авариялық ахуалдан болған нәрсе.

Қазір облыста арнайы комиссия құрылып,  тексеру жұмыстары басталып кетті. Апатты жағдайдың нақты ауқымы мен келген шығынды солар анықтайтын болады. Ал брифингте облысты электр энергиясымен қамту үшін әлі де 100 мегавайт жетіспейтіні белгілі болды. 

Б. Надирқызы