Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Атырауда 11 көшені қамтитын 35 шақырым жол қайта жаңғыртылуда

AstanaTV
05.12.2019ж. 20:00
2467
Атырауда 11 көшені қамтитын 35 шақырым жол қайта жаңғыртылуда

Жаңарған жолдар - қала көркі. Атырауда 11 көшені қамтитын 35 шақырым жол қайта жаңғыртылуда. Екі жылға жоспарланған ауқымды жаңғырту жұмысында жол жиегін кеңітіп, сапалы асфальт жабындысын төсеу, заманауи көше жарығын орнату көзделген. Ал басты ерекшелігі - шаһарда веложол көбейетін болды.

Бұл - шаһардағы ең ұзын Бейбарыс даңғылы. Жеті ірі көшені қиып өтетін аумақта көлік кептелісі жиі орын алатын. Биыл жазда толықтай жаңғырту жұмыстары жүріп, 4 жолақты жол 6 жолаққа кеңейтілді.

Аслан БЕКМҰХАНОВ:

Бұрынғыдан өте жақсы болып қалды жол. Жолдың тегістігі, ыңғайлылық,  светофорда тұрған кезде оң жаққа кетіп қалатын жолда тұратын едік біз көк жанғанша, қазір біздер  оны күтпейміз, өтіп кетеміз. Ыңғайлылықтар жасап жатыр.

Жас велосипедшілер бұған дейін 3 шақырым веложолды қанағат тұтып келді. Енді тағы 24 шақырым жол олардың үлесіне қосылмақ. Веложаттықтырушы Ербол Бедербеков бұл жаңашылдық 11 мен 14 жас аралығындағы өзі тәрбиелеп жүрген 36 жасөпірім үшін жағымды жаңалық болатынына сенеді.   

Ербол БЕДЕРБЕКОВ, ВЕЛОЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

Велосипед спортымен айналысатын балаларға өте қажет. Қазіргі таңда Әбілқайыр хан көшесі бойындағы  веложолда біз жаттығамыз. Балалар тәжірибе жинаған сайын бізге ұзақ жолдар керек. Сол үшін осындай жолдар салынып жатқанына біздер өте қуанамыз.

Шаһардағы 11 көшені қамтитын 35 шақырым жолды жаңғырту жұмысы келесі жылы толығымен аяқталады. Биыл 4 көше, яғни 13 шақырымы ел игілігіне берілген. Одан бөлек, заманауи үлгідегі ашық және жабық типтегі 80 аялдама салынды.

Қуанышбек ҚАБДЫҒАЛИ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
 

Екі жолақты жол 4 жолақты болды. жаңа заманауи үлгідегі аялдамалар салынды. Оған қоса жаңа дыбыстық сигналды бағдаршамдар орнатылды. Бағдаршамға бағынбайтын оң жаққа бұрылыс жолағы салынды. Және бағдаршамның өзіне қосу белгісі орнатылды жол кептелісін болдырмау мақсатында.


Бұдан өзге қала маңындағы Тасқала-3, Ақсай-2, Дамба-2 және Еркінқала-2 ауылдық округтерінде жол салу жұмыстары басталды. Бұл көлік кептелісін жойып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді,- дейді мамандар.

Б. Надирқызы