Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Нұр-Сұлтанда қарлы бораннан жол апаты көбейді

AstanaTV
23.01.2020ж. 20:00
2859
Нұр-Сұлтанда қарлы бораннан жол апаты көбейді

Бүгін Нұр-Сұлтанда ауа-райының қолайсыздығынан 100-ге жуық жол апаты тіркелді. Қаладан ұшатын әуе рейістері тоқтатылды. Барлық бағыттардағы жолдар жабылды. Қазгидромет қарлы боран ертең де жалғасатынын айтады. Ақтөбе облысында да жағдай мәз емес. Мұнда тас жолдарда қалып қойған 180-ге жуық адам құтқарылыпты.

Ақтөбе облысында қатты боран соғып, кеше барлық бағыттағы жолдар жабылған. Алайда, ескертуге де құлақ аспай, жолға шығып кеткендер де бар. Құтқару жасағы бір түннің ішінде 58 көліктегі, 172 адамды қар құрсауынан шығарған.  Оның 28-і бала. Қазір олар жақын жердегі елді-мекенге жеткізілген. Үсік шалып, зардап шеккендер жоқ деп отыр.
         
Асқар ТӨЛЕШОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Кеше бізде Қарғалы ауданында көшіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жолда қалғандар жылыту пунктеріне жеткізілді. Бұл 113 адам. Оның ішінде Ресей Федерациясының да адамдары бар. Кеше бізде шекарада Ресей жағынанда жол жабылды. Сол себепті шекараны өтіп кеткен қызметкерлер Ресей азаматтары болды. Оларда барлығы жылыту пунктеріне көшірілді.


Ауа-райының күрт нашарлауы туралы дабыл бүгін Нұр-Сұлтан қаласында да қағылды. Астаналық төтеншеліктер 19 адамды қар құрсауынан шығарып алған. 112-нөмеріне қоңырау шалғандар да әдеттегіден көп. Хабарласқандардың дені жолдардың қашан ашылатындығын сұраған. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының дерегінше Қорғалжын тас жолынан басқа жолдардың барлығы жабық. Тілшілерге осыны айта беріп еді, қатты боран оны ұшырып кете жаздады.

Бауыржан СЫЗДЫҚОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
 

Ең бастысы қазір тек қана Қорғалжың тас жолы ғана ашық тұр. Қалған барлық тас жолдар жабық. Қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар, жолдың бәрі жабық. Жолға шығудан бас тарту керек. Мынау, мекемелерге айтатын мәселе, әсіресе, коммерциялық мекемелер, бизнес мекемелері, құрлысы мекемелері бар. Соларға қазіргі уақыттан бастап, өздерінің жұмыстарын тежей тұру керек. Мүмкін болса, жұмыс күнін қысқарту керек.

Төтенше жағдай басшысы, қала ішіндегі мекемелерді жұмыс уақытын қысқартуға шақырғаны сол-ақ еді, артынан әлеуметтік желіде барлық жұмыс орындары тоқтатылды деген хабарлама тарап кетті. Бірақ шаһар басшысы бұл ақпаратты теріске шығарды. Дегенмен, бұл күні қаладағы мектептерде сабақ болмады. Өйткені, сыртқа шығу балалар түгілі, ересектердің өзі үшін біршама қауіпті.

Синоптиктер қарлы боран Ақмола облысында ертеңде жалғасатынын айтты. Дейтұрғанмен биыл Нұр-Сұлтанға қар жылдағыдан екі есе көп түсті деп отыр.

Алуа САХАНОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСАРМА БАСШЫСЫ:

Тұрақсыз ауа-райы сақталады. Әлі де республикамыздың басым бөлігінде қар, бұрқасын және екпінді жел, көктайғақ, тұман болжанады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қаңтар айында қардың мөлшері нің нормасы 22 мм болса, қазіргі таңда қардың мөлшері 121 мм-ді құрайды. Бұл 200 пайыз нормадан жоғары. Яғни, екі айлық норманы уже құрап тұр.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бір күнде 100-ге жуық жол апаты тіркелген. Абырой болғанда, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Бұдан бөлек, таңертеңнен бері қаладан ұшатын 38 әуе рейісінің 35-і мүлдем жолға шықпаған.
 
А. Мүтәлі