Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Бек Эйр» әуе компаниясы ұшақ соғылған үй иесін сотқа берді

AstanaTV
10.02.2020ж. 20:00
1979
«Бек Эйр» әуе компаниясы ұшақ соғылған үй иесін сотқа берді

Атышулы "Бек Эйр" компаниясында тағы да дау туды. Бұл жолы әуе компанияның өкілдері ұшақ соғылған үй иесін сотқа берді. Мекеме басшысы бұған дейін жер бауырлап сырғыған ұшақтың жолына үй салғандар кәнілі деген еді. Ал әп-сәтте баспанасынан айырылып есеңгіреп қалған пәтер иесі бұл мәселеге қатысты өз уәжін жеткізді.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Қалың жұрттың қабырғасын қайыстырған сол қаралы күннің өткеніне бір жарым айға жуықтады. Басы дауға қалған компания өкілдері жантүршігерлік апаттан кейін өз болжамдарын да жасаған еді. Жер бауырлап сырғыған ұшақтың жолына үй салғандарды да айыптады.


Тіпті баспанасы қираған отбасыға өтемақы төлеуге де құлықсыз екендерін жеткізген еді. Ал күні бүгін қираған үй иесі Решет Қалибектің атына сотқа арыз жазған.

Решет ҚАЛЫБЕК, ҮЙ ИЕСІ:

Телефоннан келді осындай сотқа шақырылды деген хабарлама. Арыздың мәтінін алдым, мені жауапкер ретінде сотқа берген. Үй өзі тұрған үй, самолет кеп соғылды. Ол жерді мен сатып алғанмын. Оған жауап беруге тиісті негізі сол жерді сатқан адамдар болуы керек қой, жердің құжатын жасап заңдастырған адамдар. Білмеймін не боп кетті, заң қалай боп кетті бізде? Зиян тартып отырған мен негізі. Енді заңгерлермен келісемін, авдокат іздеймін.

Үй иесі бүлінген баспана мен мал-мүлікіме шамамен 20 миллион теңге қаржы кетті дейді. Ал жергілікті әкімдік жағдайға қатысты тергеу қорытындысы жарияланбай жауап бере алмаймыз деп отыр. Әйтсе де әуе кемесі соғылған үйдің заңсыз екенін растады.

Жанкелді ӨМІРӘЛИЕВ, ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Иә естідік иә. Ол жерде әлі комиссия жүріп жатыр ғой, комиссия шешімін шығарады, содан кейін хабар береді. Әзірге бізге белгілісі жердің документтері бар ол кісіде. Ал үйдің документтерін бізге өткізбеген. Сол үйін заңдастырмаған. Ал жердің құжаттары бар. 

Ал жантүршігерлік апаттан аман қалғандар арасында бүлінген не жоғалған заттарының өтемақысын қайтара алмай жүргендер бар. Жолаушылар сақтандыру компаниясының қаржысы бар жыртықты жамамайды деп отыр. Шарасыздар  арасында Алматылық Әсел Әбілдаева бар. Бойжеткен әлеуметтік желі арқылы Президенттен араша сұраған.

Әсел ӘБІЛДАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бірінші кезекте өтемақы мәселесіне «Бек Эйр» компаниясы жауап беруі керек еді. Олардың жауапкершіліктен қашуы өте ұят. Бізге тіптен басқасын айтпағанда, билеттің ақшасын әлі күнге дейін қайтармады. Мен Президентке хат жазып мәселені бір жақты етуді сұрадым.

Сондай-ақ жолаушылар атышулы компания өкілдері материалдық шығыннан бөлек, моральдық шығынды да өтеп берулері тиіс еді деп отыр.

Марал ЕРМАН, ЖОЛАУШЫ:

Бек Эйр тарапынан олар ешқандай да компенсация бірдеме береміз деп айтқан жоқ. Олардың тарапынын ешқандай көмек те сұрақта қалайсың дегенде звонок та болған жоқ. Барсың ба? жоқсың ба?


Ал басы дауға қалған мекеме өкілдері аталмыш жағдайға қатысты қандай да бір жауап айтуға құлықсыз. Қанша хабарлассақ та тұтқа көтерер жан табылмады

Десе де компания өкілдері жұртқа әлеуметтік желі арқылы ақталып әлек. «Instagram» желісіндегі парақшаларында клиенттердің билет ақысын жақында қайтарамыз деп жариялапты.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Ал әлеуметтік желі арқылы Президентке хат жолдаған жолаушылар, мәселелерінің бірер-күнде шешілетініне үмітті. Олар бүлінген дүние-мүліктің тиісті өтемақысы төленеді деп сенеді. Десе де тергеу қорытындысы жарияланбайынша  моральдық шығынды кімнің өтері белгісіз.

Ә. Лесбек