Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ұшақ құлап баспанасы жарамсыз болып қалған тұрғынды, "Бек Эйр" сотқа берген

AstanaTV
21.02.2020ж. 20:00
2266
Ұшақ құлап баспанасы жарамсыз болып қалған тұрғынды, "Бек Эйр" сотқа берген

"Бэк Эйр" әуе компаниясының ұшағы құлаған үйдің иесі айыпты ма?  Әу-баста зардап шегуші ретінде көпшілікке танылған Решет Қалибек, өзін бұл іске айыптамақшы болып жатқандарды түсіне алар емес. Әуе компаниясы мен баспана иесі арасындағы сот бүгінге жоспарланған еді. Алайда ол бір айға шегерілді.

Сот отырысына "Бэк Эйр" компаниясының көптен бері БАҚ өкілдерінен қашып жүрген директоры Нұрлан Жұмасұлтанов келді. Ол желтоқсанда жолаушылар ұшағы соғылған құрылысты заңсыз деп тануды қалайтындарын айтты.

Нұрлан ЖҰМАСҰЛТАНОВ, «BEK AIR» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз осы үй иесінің жергілікті әкімдікпен қандай байланысы бар екенін, жер қалай заңдастырғанын білейміз. Сондықтан заңсыз жерге үй салғаны үшін оның қожайыны жауапты деп санаймын. Мақсат - үйдің заңсыз екенін дәлелдеу. Басқасы  талаптар толыққанды сот отырысына келгенде айтылады.

Ал, басы дауға қалған үй иесі Решет Қалибек болса, жер телімін 2014 жылы жеке азаматтан 14 мың долларға сатып алған.  Тіпті құжатты рәсімдеу кезінде аудан әкімдігі тарапынан да тексеріліп, үй алуға рұқсат берілген деп отыр.

Решет ҚАЛИБЕК, ҰШАҚ ҚҰЛАҒАН ҮЙДІҢ ИЕСІ:

Бұлардың мақсаты - ол үйді заңсыз деп шығарып мені сотқа беру. 12 адамның өлімін менің мойныма артып қою. Негізгі себебі сол. Қорғаушы жалдауға менде қаражат жеткіліксіз болды. Одан кейін адвокаттың бәрі қымбат сұрады. Қазір бір адвокатпен сөйлесіп жатырмын. Құдай қаласа сол кісімен келісімге отырып, келесі сот отырысына адвокатпен, дайындықпен келемін.

Ұшақ құлаған үйдің қожайыны өзінің шығынын есептеп қойған. Шамамен 25 миллион теңгеге бағалап отыр. Адам өмірін жалмаған келеңсіздікке Талғар ауданы әкімдігін айыптамай, жеке тұлғаны жауапқа тартпақ болып жатқандарды түсіне алар емес. Енді ол қарсы шағым жасамақшы. Сотқа Решет Қалибектің көршілері де келген. Олар да өз баспаналары үшін алдаңдаулы. 

Жарқын ХАСЕНОВ, ГҮЛДАЛА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бар жиған тергенімізді осы үйге деп салып отырмыз. Бұған мемлекеттен көмек болмаса, бұл жерде жалғыз біз ғана емес, ауылдың тең жартысы картадан қараса қоршауға жақын тұр. Егер сүретін әңгіме болса жақын тұрған үйдің бәрін сүрсін. Сонда әділ болады.

Бүгінгі сот басталмай жатып, аяқталды. Өйткені қираған баспана иесінің қорғаушысы болмады. Әрі оған аудармашы қажеттілігі туды. Осы себепті сот отырысын судья бір айға шегеріп, қос тарапты тарқатты.
 
А. Кемелжан