Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Балалар шипажайында тәртіп орнатпақ болған тәрбиеші жұмыстан кетті

AstanaTV
04.03.2020ж. 20:00
3082
Балалар шипажайында тәртіп орнатпақ болған тәрбиеші жұмыстан кетті

Ақтөбедегі балаларға арналған сүйек-өкпе туберкулезінің шипажайынан шу шықты. Тәрбиеші балақайлардың көзінше жеткіншекті аямай ұрып жатқаны әлеуметтік желіде тарады. Оқиғаның мән-жайын әріптесім Бақыт Рахметова біліп қайтты.

Мына кадрларды шипажайдағы балалардың өздері түсіріп алған. Дауысында үрей басым. Тәрбиеші ем қабылдап жатқандардың көзінше, жеткіншекті қолындағы затпен, аяусыз ұрып жатыр. Шипажай дәрігерлері бұл келеңсіздік өткен жексенбіде болғанын айтты. Бірақ ол жайлы тек бүгін естіген.   
 
Серік ЖАҢЫЛСЫНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР СҮЙЕК-ӨКПЕ ТУБЕРКУЛЕЗІ «ШАҒАЛА» ШИПАЖАЙЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

 
Өзінің айтуы бойынша тек бір ғана баланы ұрған. Сол бала қарсы сөйлеп жаман сөздер айтқан тәрбиешіге. Негізі тәрбиеші жиырма жылдан бері жұмыс істейтін адам. Жасы 57 жаста бұрын сонды мұндай жағдайлар оның атына тіркелмеген.


Бұл емдеу орталығында 106 бала емделуде. Бейнекөріністі түсірген бала, анасына жіберген. Оны бірден ата-анасы үйіне алып кетіпті. Ал таяқ жеген ойын баласы тұл жетім. Емдеу мекемесіне он жастағы жеткеншекті Қобда ауданынан жуырда әкелген. Болған жайтқа орай полиция тексеріс жұмыстарын бастады. 

Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Аталған факті бойынша Алматы ауданының №4 полиция бөлімімен ҚР ҚК 140 бабы 2 бөлігі «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.


Ғаламторға жылдам тараған бұл келеңсіздік, қоғамның наразылығын тудырды. Қазір оқиға орнына арнайы құрылған комиссия мүшелері келді. Кәмелетке толмаған балалар құқығын қорғау инспекциясы мен прокурорлар да осында. Олар шипажайды түбегейлі тексермекші.   

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
 
Баланы сабаған тәжірбиелі тәрбиеші жұмыстан қуылыпты. Тіпті қасында қарап, еш әрекет етпеген қос көмекшісі де бүгін орындарын босатуға мәжбүр болған. 
 
Б. Рахметова