Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Тобыл өңіріндегі тұрғындардың 90 миллион теңгеден астам алименттік қарызы бар

AstanaTV
12.03.2020ж. 20:00
1694
Тобыл өңіріндегі тұрғындардың 90 миллион теңгеден астам алименттік қарызы бар

Алименттің жыры әлі таусылған жоқ. Тобыл өңірінде баласына тиесілі ақша төлемейтін 14 мың адам, сот орындаушылардың тізіміне ілікті. Қара тізімдегілердің қарызы 90 миллион теңгеден асады. Алимент төлемей әлекке салғандардың кейбірі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, тағы біреулері бой тасалап жүр. Қарызы қордаланаған қостанайлықтарға сот орындаушылар қандай шара қолданып жатыр? Заңғар Санай анықтап көрді.

Ерболат Ғұмарұлы 2016 жылы әйелімен ажырасып кеткен. Үш баласына қолдан келгенше қарайласып, керек-жарағын алып беріп жүргенін айтады. Алайда бір жарым жылдай жұмыссыз қалған жігіттің алименттік берешегі қазір 1 миллион 300 мың теңгеге жеткен. Енді қалың қарыздан құтылу үшін қомақты несие алуға мәжбүр.

Ерболат ЕСЕНГЕЛДИНОВ:

Жұмысқа орналастым. Алимент төленіп жатыр. Құдай қаласа несие алып соны төлеп салайын деп ем біріншіден. Осы бір айдың ішінде соның бәрін төлеп тастаймын.


Аймақ тұрғындарының алимент бойынша жалпы қарызы 90 миллион теңгеден асады. Сот орындаушылардың қолында 14 мыңға жуық өндірістік атқару ісі бар. Олар борышкерлердің дүние-мүлкін тәркілеп, есеп-шотын бұғаттап, шетелге шығуға шектеу қою секілді түрлі шаралар қолдануда. Тіпті әкімшілік жазаға тартылып, бес тәулікке дейін қамалғандары да бар.

Динара СӘРСЕБЕКОВА,ОБЛЫСТЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Облыс бойынша ағымдағы жылдың екі айында 42 адам әкімшілік жауапкершіліке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 669 бабы бойынша. Сот көбінесе екі тәулікке қамау жазасын тағайындады.

Тобыл өңірінде 96 жеке,17 мемлекеттік сот орындаушы жұмыс істейді. Олар  полицейлермен бірлесе отырып түрлі рейдтік-шаралар өткізуде. Десек те қарызын өтемейтіндер қатары азаяр емес. Көбісі жұмыссыздығын сылтауратады екен.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:
 
Аймақта 429 адам мүлдем алимент төлегісі келмейді. Кейбіреуінің қарызы 3 миллион теңге. Арасында 7 жылдан бері бой тасалап жүрген борышкерлер бар. Әкімшілік жауапкершілікке тарту арқылы өндіру жұмыстары қарқын алған. Оған көнбегендеріне қылмыстық іс қозғамақ.  Әзірге мұндай іс қозғалмапты.

З. Санай