Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Шымкент карантинге жабылады

AstanaTV
03.04.2020ж. 20:00
5312
Шымкент карантинге жабылады

Шымкент ертеңнен бастап карантинге жабылатын болды. Осыған сай шаһар басшысы халыққа мәлімдеме жасады. Енгізілетін шектеулер жайлы толығырақ келесі бейнематериалда. 

Қаладағы Самал-1 шағын ауданында, 3 көше карантинге жабылған еді. Соған қарамастан қозғалыс саябырсымай тұр. Қауіпсіздікті күшейту үшін енді шаһардағы жүріс-тұрысты шектемек. Мақсат, індеттің таралуына тосқауыл қою.  

Мұрат ӘЙТЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

4 сәуір сағат 21.00-ден 15 сәуір аралығындағы кезеңде Шымкент қаласы аумағында карантин жарияланады. Карантин мынандай шектеу шараларын қамтиды: Біріншіден, карантин кезінде Шымкент қаласы бас санитарының қаулысында көрсетілген мекемелерден бөлек меншік нысанына қарамастан барлық мекемелердің жұмысы тоқтатылады. Қоғамдық демалыс орындары мен саябақтар, балалар алаңшаларына баруға болмайды. 

Оған қоса қала аумағында шағын микроавтобустардың қозғалысы да тоқтатылып, ол бағыттарға автобустар жіберілмек. Қоғамдық көлік таңғы жеті мен кешкі жеті аралығында ғана жолаушыларды тасымалдайды. Залалсыздандыру шаралары да күшейтілмек.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылады. Мұндай шектеулер медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, коммуналдық мекеме қызметкерлеріне қолданылмайды. Қала тұрғындары үйлерінен азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық көмек, банк және пошта қызметтерін алу үшін ғана шыға алады.


Қала әкімі карантин кезінде 55 жастан асқан тұрғындарға аса бір қажеттілік болмаса көшеге шықпау қажеттілігін ескерті. Ал, азық-түлік базарлары мен дүкендердің жұмыс уақыты өзгеріссіз қалады. Қоғамдық тамақтану орындарына жеткізіп беру тәртібіне көшуді ұсынды. Айта кетейін, 3-сәуірдегі дерекке сүйсек Шымкентте вирус жұқтырғандардың саны -11. Соңғы қосылған сегіз адам үшінші болып тіркелген науқастың туыстары болып шықты.

А. Төребекқызы