Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мұқтаж отбасының пәтерақысын төлеп берген ақтөбелік инспектордың, қайырымды істері мол,- Қалалық полиция бөлімшесі

AstanaTV
27.04.2020ж. 20:00
2369
Мұқтаж отбасының пәтерақысын төлеп берген ақтөбелік инспектордың, қайырымды істері мол,- Қалалық полиция бөлімшесі

Осы аптада әлеуметтік желіде жалпы жұртшылық Ақтөбелік учаскелік инспектор Бахтияр Жақыповтың әрекетіне шын сүйсінді. Жиырма сегіз жастағы полицей пәтер иелері қуып жатқан отбасының қарызын бір өзі төлеп берген. Осылайша мұқтаж отбасын далада қаңғып қалудан сақтап қалыпты.

Полицияға баспанасын жалға беріп отырған жергілікті тұрғын шағымданыпты. Оқиға орнына келген инспектор Бақтияр Жақыпов пәтерден жас отбасының қуылып жатқанын көрген. Соңғы айдың ақысын сегіз күнге кешіктіргені үшін, оларды баспана қожайыны қумақ болған.
 
Бахтияр ЖАҚЫПОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ ЗАУЫТ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ:

Алдымнан екі жасар қыз жүгіріп шықты. Жас әйел айтады ана жақта төрт айлық бала бар дейді. Кішкентай бала ұйықтап жатқанын өз көзіммен көрдім. Екеуі шық саған 2 сағат беремін дейді хозяйкасы. Босат не болмаса қырық мың төле дейді. Өзімде сондай ситуациялар болды. Аяп кеттім.


Қаражаттан тарыққан бұл отбасының отағасы, карантинге дейін қалада жолаушы тасып нәпақа тауып келіпті. Қазір жұмыссыз. Ал отанасы бала күтімімен үйде отыр. Тіпті 42500 теңгеге өтініш берсе де, әлі ала алмаған. Жағдайға қаныққан инспектор, қожайынға қалтасынан қырық мың теңге санап берген. Әріптестерінің айтуынша Бақтияр үнемі қайырымдылық істердің басы-қасында жүреді. 

Әлімжан АҚҚАЛЖАНОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ №1 ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Бұрында ол, әлеуметтік желіде көмек сұрағандарға және отаға ақша керек деген балаларға әріптестермен бірге көмек көрсететін еді. Бірақ бұл игі істерін үнемі құпия ұстайтын. Ол туралы ешкім білмейтін.

Бұл жолы инспектордың жомарттығын, қиындыққа тап болған отбасы әлеуметтік желіге жариялаған. Осыдан кейін ғана оның әрекеті желі қолданушылары арасында тарап кетті. Айта кетейін, Бақтияр Жақыповтың бұл ауданға инспектор болып келгеніне он жыл болған. Жиырма сегіз жастағы жігіттің бүгінде өз алдына отбасы, үш баласы бар.

Б. Рахметова