Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

17-жастағы елордалық егіздер әлемнің 11 университетінен оқуға шақырту алды

AstanaTV
22.05.2020ж. 20:00
4144
17-жастағы елордалық егіздер әлемнің 11 университетінен оқуға шақырту алды

Елордалық егіз оқушы әлемнің 11 университетінен грант ұтып алды. 17-жастағы Әдия мен Әдина мұндай шақыртуды күтпеген.  Қай жоғарғы оқу орнын таңдайтындарЫн әзірге білмейді. Зерек апалы-сіңлілер жайлы, тілшіміз баяндайды.

Әдия мен Әдина жастайынан шетелде оқуды армандаған. Әуелде қытай тілін жетік меңгеріп, аспан асты мемлекетіне оқуға түсуді мақсат етеді. Олардың зеректігін ондағы университеттер де байқаған болар, арнайы шақырту жіберіпті. Алайда, егіздер Қытайдағы тоқтаусыз ереуілден кейін райымыздан қайттық деп отыр. Соңғы бір жыл ішінде бар күшімізді салып, Американың ЖОО-на түсуге әрекет жасадық, дейді. Биыл АҚШ-тың 10, ал Австралияның бір университетіне өтініш тастапты. Ең қызығы, соның барлығы да қазақстандық егіздерді оқуға қабылдаған.  

Әдина КӘКІМ, ЖАС ТҮЛЕК:
 
Шыны керек, барлығынан бірдей шақырту аламыз деп күтпедік. Ең болмаса, соның біреуі өтінішімізді мақұлдаса екен деп ойлағанбыз. Бізді оқуға қабылдаған университеттер арасында әлемге танымал тұлғалар білім алған  Syracuse (Сиракуз) университеті де бар. Биылғы жылы оған 31 мыңнан астам адам өтінім тапсырған. Соның ішінен 3600 түлекті таңдап алынды. Оның қатарында біз де бармыз.

Апалы-сіңлілі егіздердің бос уақыты жоқ. Карантин кезінде испан тілін меңгеріп жүр. Ал кітаптан қолы тиген кезде шығармашылықпен айналысады. Сурет салуға да қызығады. Оқушы қыздар мектептің қоғамдық жұмыстарынан да құр алақан емес. Қайырымдылық шараларға атсалысып, волонтерлікпен де жиі шұғылданады. Шетел оқу орындары оларды осындай белсенділіші үшін де таңдап алған көрінеді.

Әдия КӘКІМ, ЖАС ТҮЛЕК:

Екеуіміз де қаладағы қарапайым орта мектепте білім алдық. «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерміз. Осы жерде шетелде оқу үшін міндетті түрде мықты лицейде білім алу керек деген жансақ пікір екенін айтқым келеді. Қазақстандық кез келген мектеп оқушысының шетелде оқуға мүмкіндігі бар. Оған біздің өзіміз дәлел бола аламыз. Ол үшін бар болғаны жалқаулыққа салынбай, білім алу керек.


Әдия «халықаралық қатынастар» мамандығына құжат тапсырса, ал Әдина болашақта психолог болуды мақсат етеді. Егіздер шақырту алған  университеттердің қайсысы таңдайтынын әлі шешкен жоқ. Белгілісі, нақты АҚШ-қа барамыз отыр. Ал грант ұтып алған жоғары оқу орындары оларды үй-жаймен, медициналық сақтандыру, оқулықтар және басқа да шығындарын өтеп береді.

А. Мүтәлі