Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

"Ардагерлерді ардақтайық!" әлеуметтік қайырымдылық жобасы

AstanaTV
25.09.2017ж. 20:00
14217
"Ардагерлерді ардақтайық!" әлеуметтік қайырымдылық жобасы

Ардагерлерді ардақтайық! Осындай ұранмен "Нұр Отан" партиясы қарттар күніне орай әлеуметтік қайрымдылық жобасын өткізіп отыр.  Елде 2 мыңнан аса қарттардың халін сұрап, көңіл бөлуді нұротандықтар өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Олардың айтуынша, зейнеткерлерге зейін бөлуді белсенділер жыл сайын жалғастырмақ.

Ардагерлердің жағдайын сұрап, оларға көңіл бөлуді "Нұр Отан" партиясы жыл сайын борышқа айналдырды. Бұл шараға партияның жастар қанаты "Жас Отанның" белсенділері де Ұлы Отан соғысы жылдары аянбай еңбек еткен бірнеше ардагердің шаңырақтарына барып, үй шаруасына көмектесті.

Осындай көмекке мұқтаж елордалық Лилия Тайхреб - тыл ардагері. Соғыстан кейін Ақмолаға оралып, ұстаздық етеді. Ал қазір даңғарадай үйде жалғыз өзі тұрады. Жалғызбасты қарт ананың жасы 93-те. Жасотандықтар қарт ананың бақшасындағы картоптарын қазып, жинап берді.

Лилия  Тайхреб,  тыл ардагері:

Жас емеспіз. Қазір күректі көтеруге де әлім келмейді. Жасым болса, 93-те. Шаруалармен айналысқым келеді. 70 жасымда күректі қолыма алып, бау-бақшадағы картоптарды өзім қазып алатынмын. Алайда, өмір өзінікін алады екен. Ал сіздерге алғысым шексіз, елеп ескеріп, көмек көрсетіп отырсыздар.

Жасотандық белсенділер өзге де ардагерлердің жағдайымен танысып, қажетті көмектерін бермек. Бұл қайрылымдық акциясы 5-ші қазанға дейін жалғасады. "Жас Отан" жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаевтің айтуынша, бұндай шара елдің барлық аймақтарында өткізіліп жатқан көрінеді.

Данияр Сүндетбаев, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы:

Негізі Қазақстанның әр азаматы осы акцияға қатыса алады. Ең негізгі мақсаты - ол біздің қарттарға көмегіміз. Ол негізі өте қарапайым түрде болуы мүмкін. Мысалы, бүгін біз ағаш отырғызуға, картоп қазуға, ауланы тазалауға бара жатырмыз. Ол көмек қарапайым болуы мүмкін. Және қарттардан өте жақсы жылы лебіздер түсіп жатыр. Осындай көмек көрсеткініміз үшін.

Қарттарды ардақтау негізінде бүгін "Нұр Отан" партиясы "Атамекен" палатасы, мемлекеттік органдармен меморандумға қол қойды. Басты мақсат - бірге күш біріктіріп, көңіл мен көмекке мұқтаж қарттарға қол үшін беру.

Фархад  Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Барлықтарыңызды меморандумның қол қоюымен құттықтаймын. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдар, жасотандық белсенділер үшін келешекте үлкен істер мен жауапкершіліктер күтіп тұр. 

Диана САПАРҚЫЗЫ