Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

"Nur Otan" партиясының праймеризіне қатысушы кандидаттар алдағы бәсекеге дайын

AstanaTV
04.09.2020ж. 20:00
2347
"Nur Otan" партиясының праймеризіне қатысушы кандидаттар алдағы бәсекеге дайын

"Nur Otan" партиясының праймеризіне қатысушылар іріктеудің келесі кезеңіне дайын. Партияішілік бәсеке әр өңірде бір уақытта өткізіледі. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған кандидаттар Парламенттің қос палатасына да ұсынылады. Үміткерлер үгіт-насихатқа қаншалықты дайын? Тілшіміз тарқатсын.

Павлодарда "Nur Otan" партиясының  лига жақтастары кандидаттармен кездесті. Ашық диалог алаңында 30 үміткер қатысты. Солардың бірі – Бауыржан Бекмұрзаев. Ол кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге жол ашқысы келеді. Өзі құрған бастауыш партия ұйымында 20-дан астам мүшесі бар.

Бауыржан БЕКМҰРЗАЕВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ БПҰ ТӨРАҒАСЫ:

Өткен жылы пилотный проектіде қатысқан болатынмын. Маған өте қызықты болды. Биылда қатысып отырмын. Енді қоғамымызға, елімізге, жерімізге пайда алып келу ғой мақсат.

Алматы бойынша тіркелген кандидаттың бірі – Әдебиет және Өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов. Ол елдегі саяси өмірге сырттай бақылаушы болмай, керісінше араласу азаматтық борышым деп біледі.   

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Отбасы тәрбиесі, отбасының хал ахуалы, оның жағдайын жақсарту. Егер біз отбасын жөндеп алатын болсақ, онда біздің қоғамдық тәрбиенің барлығы жаңа күйіне келеді. Қазіргі кезеңдегі денсаулық мәселесі, тәрбие мәселесі, қазіргі кезеңдегі халықтың әл ауқат мәселелерінің барлығы айналып келгенде осы отбасына келіп тіреледі.  

«Jas Otan-ның» алматылық белсенділері де праймеризге үлкен сенім артып отыр. Үміткерлер әр саланың мамандары болса да, олар қоғамдағы түйткілді мәселелер шешуге күш салатынын айтады.    

Мәди АХМЕТОВ,  "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ «JAS OTAN» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қатарда жүрген дәрігер, қатарда жүрген ұстаз, жастардың арасында жүрген белсенділер, қоғам белсенділері, сол өзекті мәселелерді көтеру арқылы олардың шешілуі арқылы өзінің септігін тигізетін болса, ол расымен де партияның қазіргі таңдағы халықтың арасындағы сенімін ұлғайтып, билікке деген көзқарасты өзгертеді деген сенімдеміз.

Еске сала кетейік жетінші қыркүйектен бастап сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары басталады.  Одан кейін онлайн дебат өткізіліп, қазанның бірі мен үші аралығында дауыс беру де электронды өтеді. Ұйымдастырушылар сайлау әділ, әрі ашық болатынына сенімді.

Ғ.Өтемісов