Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Бұзақылық жасаған «Жаркенттің жігіттері!» ұсталды

AstanaTV
14.10.2020ж. 20:00
2533
Бұзақылық жасаған «Жаркенттің жігіттері!» ұсталды

«Жаркенттің жігіттері!» Қару мен қапшық ақшаны көрсетіп әлеуметтік желіні дүрліктіргендердің кім екені анықталды. Енді олардың қомақты қаржыны қайдан алғаны тексерілмек. Қарудың да иесі іздестіріліп жатыр. Желіккен жастар желіні шулатуға неге құмар? Бұның да заң алданда жауапкершілігі бар екенін олар білмей ме? Бұл сауалдарға алматылық әріптесім Әсем Лесбек жауап іздеді.

«Жаркенттің жігіттері» - деп ұрандатқандар бұл бейнежазбаны кеше түсірген. Онда көлікте отырған ер адам ақша толы сөмке мен Калашников автоматына ұқсас қаруды көрсетеді.

Ақбота ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі таңда бұл фактінің мән-жәйін анықтау үстіндеміз. Жақын арада бұл тұлғалардың әрекеттеріне заңды тұрғыдан құқықтық баға берілетін болады. Және заңнаманың талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданылатын болады.

Естеріңізде болса, осыған ұқсас жағдай бір жыл бұрын елордадад тіркелген еді. Көлік ішінде қару ұстап, "Астана біздікі" деп шулатқан бұзақылар қазір абақтыда отыр.  

Бұл кадрды түсірген және көлік жүргізген қос досына сот ешқандай жаза тағайындамаған еді. Әрі сотта бейнежазбадағы қару тек ойыншық екені дәлелденген. Жалпы қоғамда бұзақы әрекеттер жасап, оны әлеуметтік желіге салатындар қатары жыл санап артып келеді. Психологтардың пайымынша мұндай қадамға көбіне жастар танымал болу үшін барады.

Гүлнәр КЕТПЕНБАЕВА, ПСИХОЛОГ:

Олар үшін бұл ауытқушылық болып есептелінбейді. Олар үшін бұл норма. Қалыпты жағдай. Әрине психикалық ауытқушылық болмаса да жалпы адами адамгершілік ауытқушылық. Тек қана танымалдылыққа ғана ұмтылу. Қайтсек өзімізді өзіміз көрсетеміз. Қаншалықты танымалдылыққа ұмтылғанымен жеке бастарының қауіпсіздігін ұмытып кетіп жатады.

Облыстық Полиция Департаменті желінің бүгінгі жұлдыздарының кім екенін анықтапты. Олар Алматы қаласының тумасы дейді. Тергеу барысында қарудың шынайы немесе ойыншық екендігі анықталмақ. Ақшаның да қайдан келгенін тексермек. Жалпы жыл басынан бері Алматы облысы бойынша мұндай 50-ге жуық іс тіркелген.

Ә. Лесбек