Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Үш қалада кинотеатрлар жабылды

AstanaTV
12.01.2021ж. 20:00
2537
Үш қалада кинотеатрлар жабылды

Оралда кинотеатрлардың ашылуына рұқсат берілсе де, қожайындары жұмысын жандандырудан бас тартып отыр. Бұған өңірдің бас санитар дәрігерінің талабы себеп болды. Олар зал толмаса, онда шаш-етектен шығынға батамыз деді. Бұл кикілжіңнің немен тынары әзірге белгісіз. Тілшіміз тақырыпты тарқатады.

Тарихи туынды түсіруге екі жыл дайындалған оралдық кинорежиссер Аманат Рзағалиевтің жоспарына карантин кесірін тигізіпті. Өйткені пандемия ұзаққа созылса, фильмнің түсірілуі екіталай.

Аманат РЗАҒАЛИЕВ,  РЕЖИССЕР:

Шығынын қайтара алмай қалған фильмдер көп. Енді әрі қарай оның қалай болатыны белгісіз. Мысалы, егер мына пандемия бітіп, Қазақстандағы бүкіл кинотеатрлар ашылған жағдайда да, кинотеатрлардың 30 пайыз, тіпті 40-50 пайызға дейін ашылмауы мүмкін. Себебі олар кәсіптерін басқа салаға ауыстыруы мүмкін. Еліміздегі кинотеатрлардың 50 пайызы ашылса да, киноөндірушілерге қиын болады. Себебі бұрынғыдай 100 пайыз табысын таба алмайды.

Карантин тығырыққа тіреген қазақстандық кино, тоқыраудың алдында тұр, дейді мамандар. Бүгінде ел ішіндегі үш бірдей облыстағы кинотеатрлар жаппай жабылып қалған.

Мунира ЯГУДИНА, ҚАЗАҚСТАН КИНОТЕАТРЛАР ИЕЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біріншіден, жаңа фильмдер түсірілмеді. Осылайша репертуар жаңармады. Мысалы, Ресейде кинотеатрларға субсидиялар беріледі. Бізде ондай қолдау жоқ. Сондықтан продюсерлер түсірген туындыларын жылы жауып қойып, жағдайдың түзелгенін күтеді. Қазір Павлодар, Ақтау мен Оралдағы кинотеатрлар жабық. Олар жұмыс істеуге дайын болса да, санитарлық талаппен келіспейді.

Оралдық кәсіпкерлер кинотеатрлар жұмысқа дайын, бірақ ашпаймыз деп отыр. Бұған аймақтың бас санитар дәрігерінің қаулысы себеп болған.

Диллара МУХАМБЕТОВА, «CINEMA PARK» КИНОТЕАТРЛАР ЖЕЛІСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Батыс Қазақстан облысы жасыл аймақта тұрса да, жұмыс істей алмадық. Сосын өңірдегі ойын-сауық саласындағы барлық кәсіпкерлер қарсылығымызды білдіріп, петиция жаздық. Бас санитар кинотеатрды ашуға рұқсат етті. Бірақ мазақ қылғаны ма, білмедім, көрермен санын 20 пайыздан асырма дейді. Біз мұнымен келіспейміз.

Дмитрий ЕВЧЕНКО, КИНОТЕАТР ДИРЕКТОРЫ:

Табысымыздың 60 пайызын киногерлерге береміз. Қалғаны жұмысшылардың жалақысы мен коммуналдық шығынға жұмсалады. Залды толтырмау туралы талаппен келіссек, жұмысшыларға жалақы да төлей алмай қаламыз. Елдегі 70 кинотеатр желтоқсаннан бастап жұмыс істеп жатыр. Ал бізге рұқсатты енді берді. Залдың ауасы желдетілетінін, барлық жағдай жасалғанын біле тұра осындай қисық шешім шығарып отыр. Сондықтан тым болмаса, адам санын 30% арттыруды сұрап отырмыз.

Карантин басталғалы аймақтағы кинотеатры бар кәсіпкерлер 15 млрд. теңге шығын шеккен. Бұл -кәсіпкерлер палатасының дерегі. Олар 20 пайыздық меженің өзін үлкен жеңіс дейді.

Марат НҰРҚУАТОВ, БҚО КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл - шектеулерді жұмсарту бойынша кәсіпкерлер мен санитарлық дәрігерлермен бірге жүргізген жұмысымыздың нәтижесі. Мүлдем тоқтап тұрғаннан жұмыс істеген жақсы ғой. Бұл да бір жетістік. Сондықтан өзімдікі дұрыс деп тірескеннен гөрі, ақылға келіп, бірге жұмыстанғанымыз жөн.

Еркін КАРИН:

Орал қаласында екі-ақ кинотеатр бар. Қазір екеуінің де залы қаңырап бос тұр. Сала өкілдерінің жалғыз талабы -көрермен санын көбейту, кемінде залдың жартысын толтыру. Әзірге Шымкентте ғана оған рұқсат беріліпті.  Басқа қалаларда 20 пайыздың көлемінде. Енді бұл текетірестің немен тынары әзірге белгісіз.
 
Е. Карин, Ә. Лесбек