Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа үй неге жылынбайды?

AstanaTV
29.01.2021ж. 20:00
2815
Мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа үй неге жылынбайды?

Петропавлда бір ай бұрын ғана пайдалануға берілген үйдің сапасы сыр берді. Мемлекеттік бағдарламамен салынған су жаңа баспанада, жылдар бойы пәтер кезегін күткендер дірдектеп отыр. Тіпті төбе дым тартқан. Сапасыз құрылысқа жергілікті атқамінерлер неге жол берді? Мәселенің мән-жайын аймақтағы тілшіміз анықтап көрді.

2012 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған Жақыповтар, бір ай бұрын армандаған баспанаға ие болды. Алайда, жас отбасының қуанышы ұзаққа созылмаған. Отанасының айтуынша, жылу батерейлары қанжылы. Азынаған үйдің ішінде отырып, шиіттей екі баласын ауыртып аламын ба деп қорқады.

Әсел ЖАҚЫПОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз сегіз жыл пәтер кезегінде тұрдық. Бес жыл бойы қаражат жинап келдік. Батарейлер үйді жылытпайды. Сосын қосымша электр пештерін сатып алдық. Есесіне электрэнергиясын көп тұтынамыз. Бұдан бөлек, осы күнге дейін ыстық су болмады. Мәселені әлеуметтік желіде жариялаған соң, билік өкілдері келіп оны қосып берді.

Ал бесінші қабатта тұратындар шатырдың осалдығына шағым айтты. Күн жылынса болды қар еріп, жоғарғы қабат су балады екен. Осының кесірінен үйлерін жөндеп жатқандардың, жұмысы тұралап қалды.

Алексей ХОХЛАН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз үйде жөндеу жұмыстарын бастадық. Қабырғаларға түсқағаз жапсырып, дәретхана бөлмесінде кафель салғымыз келді. Бірақ төбеден су аға бастады. Салдарынан төбедегі сылақ түсіп жатыр. Енді жұмысымыз тоқтап тұр. Шатырға шығып, өзім жөндейтін шығармын.


78 пәтерлі баспана желтоқсан айының аяғында қолданысқа берілген. Үйдің тең жартысы әкімдікте пәтер кезегінде тұрғандарға бұйырса, қалған бөлігі салымшыларға үлестіріліпті. Жергілікті билік өкілдері баспананың кемшіліктерінен хабардар. Шенеуніктер тұрғын үйде анықталған олқылықтардың тізімін құрып, жыртықты жамауға уәде етті.  

Ермек РАҚЫМЖАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Үйдің жертөлесінде жарылған құбырлар ауыстырылды. Ал шатырға қар желдеткіш арқылы кірген. Оны жабуға болмайды. Қазір біз бетон плиталарының арасын көбікпен бітейміз. Пәтерлердегі барлық олқылықтарды мердігер өз қаражатына жасайды. Тұрғындар бұған ақша шығармайды.

Ляззат ҚҰСПАН, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯНЫҢ БАСШЫСЫ:


Үй тапсырылған кезде міндетті түрде кемшіліктер болады. Екі жыл кепілдік сол үшін беріледі. Үйге тапсырыс берген қалалық әкімдіктен бізге бір де бір жолдама келіп түскен жоқ. Тұрғындардың барлық өтініштерін өзіміз орындап жатырмыз. Өз міндетімізден бас тартып отырған жоқпыз.

 
Жалпы, бұл - аталған тұрғын үйге қатысты алғашқы дау емес. Іргетасы 2017 жылы қаланған зәулім баспана келесі жылы тапсырылуы тиіс болатын. Алайда, материалдар тапшы болған соң баспана сақалды құрылысқа айналды. Араға 2 жыл салып барып, ел игілігіне тапсырылған болатын.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Сөйтіп, жауапты тарап алдымыздағы бір-екі аптаның ішінде барлық олқылықтарды жоятынына сендіреді. Ал бұқара оған дейін күн райының қолайлы болуын тілеп отыр. Себебі, аязды күндері, баспана пана болмайтынына әбден көз жеткізген.  

А. Құрманкин