Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Павлодар өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

AstanaTV
11.09.2017ж. 20:00
3131
Павлодар өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

Павлодарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 18-ші ғасырдың көрнекті қайраткері Сұлтанбет Сұлтанға тиесілі көне ағаш үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары аймаққа сапары барысында рухани жаңғыру бағдарламасының іске асу қарқынымен танысты. Сондай-ақ бірнеше кәсіпорынды аралап, олардың тыныс тіршілігін көзбен көріп қайтты.

Абылайханның жиені Сұлтанбет Сұлтанның көне үйін қалпына келтіру жұмыстары аяқталып қалды. Бұл жерде алдағы уақытта мұражай мен «Нұр Отан - Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі орналасады. Сұлтанбет Сұлтанның ұрпақтары ескі баспананы сақтап қалуға барынша тырысқан. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау аясында тарихи жәдігерге қайта жан бітті.

Жұмабек Қамзин, Сұлтанбет Сұлтанның ұрпағы:

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы өзі уақытында көтерілген бағдарлама екен. Өте қажет қазір қажет. Себебі экономикамызды әжептәуір көтеріп алдық. Енді мына тарихымызды жаңғыртуымыз керек. Бабаларымыздың аттарын көтеруіміз керек. Сондықтан ол бүгін тірі азаматтардың ол парызы, ол міндеті.

Түсті металлургия колледжі студенттерімен кездесуде Мұхтар Құл-Мұхаммед рухани жаңғыру бағдарламасына тоқталды. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын түсіндірді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бүгін, міне, еліміздің парламентінде латиницаға көшу жөнінде үлкен мәселе қаралып, жаңа алфавиттің жобасы ұсынылып жатыр. Біз мынау латиницаға көшу арқылы біз ағылшын тіліне қарай интеграцияланамыз. Біз әлемдік өркениетке қарай ұмтыламыз. Сондықтан бұл ағылшын тілін үйрену үшін, мынау латиницаға көшудің де өте үлкен мәні бар. Біз осыны халыққа дұрыстап жеткізуіміз керек.

Тілек Хамитов, Павлодар түсті металлургия колледжінің 2-курс студенті:

Менің ойымша, латын әрпі ол жас буынға өте ыңғайлы және оңай. Себебі біз бұрыннан бері оны қолданыста жүр. Мысалға алсақ, компьютер, телефон. Бұл Елбасымыздың бастамасы жас буынға арналған. Яғни бұны жас буын құптайды деген ойдамын.

Рухани жаңғырумен қатар Павлодар аймағында, Елбасы тапсырмасына сай, кәсіпорындарды модернизациялау бағдарламасы қарқынды іске асуда. Мұхтар Құл-Мұхаммед Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған бірнеше зауыттың жұмысымен танысты. Мәселен, сұйық алюминийден мынандай құймалар жасайтын зауытта алдағы уақытта автомобиль дискілерін шығаратын цех ашу жоспарланған. Қазіргі күннің өзінде тауарға Германиядан сұраныс түсіп үлгерді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасының мына индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша бұл өңірде кейінгі кезде 1 трлн 100 млрд теңге қаражат салудың нәтижесінде Павлодар облысында 35 кәсіпорын ашылып, 8 мың жаңа жұмыс орындары жұмыс істей бастады. Тек қана Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бұл өңірде өткен жылы 67 млрд теңге қаражат игерілсе, биыл да 64 млрд-тың деңгейіне көтерілейін деп отыр.

Бұл зауытта Қазақстан нарығына қажетті табиғи тыңайтқыштар мен гербицидтің жартысы шығарылады. Ең бастысы кәсіпорында жоғарғы экологиялық қауіпсіздік сақталған. Әрбір цех су-газды рекатормен жасақталған. Мемлекет қолдауының арқасында Павлодар облысында тағы да 6 жаңа өндіріс ошағын іске қосу жоспарда бар. Жалпы, биыл өңірде 23 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ