Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Түркістанда уланып қалған отбасына газ қосқандар жазаланады

AstanaTV
01.03.2021ж. 20:00
2764
Түркістанда уланып қалған отбасына газ қосқандар жазаланады

Түркістан облысында әр үйдегі газ құрылғыларының орнатылу тәртібі, бір апта ішінде жаппай тексерілетін болады. Бұған облыс орталығында бір отбасының мезгілсіз ажал құшуы себеп болып отыр. Сенбінің кешінде шаһардағы жеке үйдің бірінен жас ана мен төрт баланың денесі табылды. Мамандар алғашқы болжамды - улы газдан деп отыр. Тағы қандай болжам бар? Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтап көрді.

Суыт хабар сенбінің кешінде Түркістаннан тарады. Сауран мөлтек ауданындағы Сұлтан Бейбарыс көшесінде тұратын бір үйлі жан сеспей қатқан. Бес адамның мәйітін әуелі көршілері көріпті. Оларға базарда сауда істейтін келіншектің жұмысқа шықпай, не телефонға жауап бермегені алаңдаған серіктесі хабар беріпті. Көршілерінің білуінше құрылыста жұмыс істейтін үй иесі оқиға болған кезде Шымкентте ауруханада жатқан екен.

Кенжебай МАҚҰЛБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Кіргенде әйел есік алдына келгенде құсқан тазикке ше, құсқан да сол арада қалып кеткен. Анау екі үлкені сол бөлмеде жатыр. Кішкентай қызы арғы бөлмеде, бір кішкентай баласы бергі бөлмеде жатыр. +Күйеуі көбінесе стройкада жүреді. Өзі базарда, әйтеуір бала-шағаның қамы ғой. Үлкен баласы студент, екеуі оқиды, кішкентайы балабақшада.

Марқұмдардың денесі кеше туған жері Қызылорда облысында жер қойнына тапсырылды. Туыстары сұқбат беруге де, үйді түсіруге де қарсылық танытты. Ал газ саласының мамандары алғашқы болжамды таратып үлгерді. Олар бес адам улы газдан уланған болуы мүмкін деп топшылап отыр. Білулерінше қарашадан газға қосылған үш бөлмелі шағын үй, ирандық пешпен жылытылып келіпті. Оның да орнатылуы талапқа сай емес көрінеді. Мамандар суретте көрсетілгеніндей, табиғи газды үйге қосудағы талаптар өрескел бұзылғанын алға тартты.
   
Шалқар ОМАРБЕКОВ, «ҚАЗТРАНСГАЗ» АҚ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
 
Барған кездегі біздің анықтағанымыз - ол жерде үш точка белгіленген. Оның біреуі газға қосылмаған, жататын бөлмеде. Ал екеуі, бір газ плита мен ирандық пеш қосылып тұрған болатын. Және де үйдің өзінде паровоймен жасалған отопление жоқ.

Полиция марқұмдар табылғаннан бір күн бұрын жан тапсырған болуы мүмкін деп отыр. Өйткені отбасы мүшелері әлі төсекке жата қоймаған екен. Ал бес адамның ажалына нақты не себеп болғаны сараптама қорытындысынан соң мәлім болады деді. Қазір мердігер мекеменің монтаж жұмыстарын тексеру де басталған.  Құзырлы орган осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Ал аймақ басшысы өңірде көгілдір отын тұтынатын барлық үйдің пештері мен құбырларын жаппай тексеруді тапсырды.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 
Бүгіннен бастап барлық әкімдергеде айтамын, осындай газ кірген жерлердің барлығын тексеріп шығыңыздар. Немедленно, осы совещание өткеннен кейін организуйте! Подворовой обход должен. Сол газды орнатқан мекемені наказать надо!

Мамандардың дерегінше, аймақта жылыту маусымы басталғалы 45 мыңнан астам өрт қауіпсіздігін сақтамау дерегі анықталыпты. Айта кетейін, қаралы отбасыға әкімдік тарапынан қаржылай көмек ұйымдастырылып жатқаны белгілі болды. Мемлекеттік қызметкерлер 1 күндік жалақыларын аудармақ екен. Бұдан бөлек демеушілер есебінен қосымша 7 млн теңге көмек көрсету жоспарланып отыр.

А. Төребекқызы