Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қоғамдық тамақтану орындарындағы шектеулер алынсын! - Депутат

AstanaTV
07.04.2021ж. 20:00
2004
Қоғамдық тамақтану орындарындағы шектеулер алынсын! - Депутат

Карантин талаптарына жауапты мониторингтік топ жұмысы кәсіпкерлердің наразылығын тудырды. Тіпті олардың тексеру жұмыстарында, жауапкершілікті мойнына алатын лауазымды тұлға жоқ. Бүгін Мәжілісте депутаттар жөн-жосықсыз шектеулерді алып тастауды ұсынды. Депутат Дәния Еспаева мониторингтік топтардан бастап, санитарлық дәрігерлердің жұмысына дейін сынады. Оның пікірінше, бизнес өкілдеріне қойылған талаптар қисынға сыймайды. Басы даудан арылмаған Денсаулық сақтау министрлігіне тағы қандай уәж айтылды? Толығырақ тілші материалында.

Біздегі қоғамдық көліктерде жолаушы саны шектелмеген. Әсіресе таңертең жұмысқа келетін уақыт пен кешкісін үйге қайтатын кезде адам қарасы қалың. Ал тамақтану орындарында шектеулер көп. Осындай қисынсыз шешімдерді депутаттарда түсіне алмай жүр. Бүгін олар Денсаулық сақтау министрлігін тағы да сынның астына алды. Шектеулердің ешқандай нәтиже бермейтініне шүйлікті. Тіпті кәсіпкерлерге қолбайлау тұстары тым көп,-дейді. Бұл аз десеңіз санитарлық дәрігерлер шешімі логикаға мүлде сыймайды деп отыр.

Қоғамдық тамақтану орындарының иелері де, карантин басталғалы жұмыстың тұралап қалғанын айтудан жалыққан емес. Жұмыс күндері халықтың қолы тимейді, сондықтан көпшілік демалысты сенбі-жексенбіге жоспарлайтынын айтады. Оның үстіне сырттан келетіндер де сол күндері көп көрінеді. Демек табыстың 40 пайызынан  қағылып жатырмыз деді. Тойханалардың ахуалы мүлде мүшкіл. Халық арасында «артқы есіктен кіру», «жасырын жол», «музыкасыз той» сынды жаңа сөздер пайда болды. Күлеміз-ау, бірақ кәсіпкерлер амал жоқтықтан әккі әдістерге баруға мәжбүр.
 
ТОЙХАНА ӘКІМШІСІ:

Біз есікті жауып аламыз да, воротадан кіргіземіз адамдарды. Ештеңе болмай жатқан сияқты. Неше рет тексеріп келді ғой, кіргізген жоқпыз ішке.

Өңірлердегі кәсіпкерлер палатасына да, шығынға батқандардан түскен арыз-шағым көбейген. Палата өкілдері Түркістан облысы «жасыл аймақта» болғандықтан, шектеулерді алып тастау туралы билікке ұсыныс хат жолдапты. Өйткені жағдай бұлай жалғаса берсе, аймақтағы 143 мыңнан аса кәсіпкер табыссыз қалуы мүмкін.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ:


ҚР Бас дәрігерінің қаулысына сәйкес, «жасыл аймаққа» кірген аумақтарға ешқандай шектеулер қойылмайды. Осыны біз көрсетіп жібердік. Жергілікті орган мен департаменттен тиісті жауабын күтіп жатырмыз.

Иә, шектеулерден бөлек, мониторингтік топтардың жұмысы біріздендірілмеген. Тіпті, заңсыздыққа барғандары да көп екен. Мұндай пікірді депутат Дәния Еспаева келтірді. Сондықтан мониторингтік топтардың жұмысын жойып, қоғамдық тамақтану орындарына салынған тыйымдарды алып тастау қажет деп отыр.

Дәния ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АҚ ЖОЛ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Сауда, қоғамдық тамақтану және қоғамдық көлік объектілерінің жұмыс күндері мен уақыты бойынша тыйымдар алып тасталсын, тек маскалық режим мен келушіге арналған алаң нормасы бойынша шектеулер қалдырылсын. Клиенттердің талаптарды бұзғаны үшін кәсіпкерлер жазаланбауы тиіс.  


Қазір елдегі жағдай былай тартсам, өгіз өледі, былай тартсам, арба сынадының кебін киіп отыр. Сондықтан өте күрделі мәселені Үкімет басшыларының қалай шешері әзірге белгісіз. Қалай болғанда да, қауіпсіздікке аса мән берілуі, бүгінгі күннің талабы.

Ғ.Өтемісов