Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алексей Цой отандық "QazVac" вакцинасын салдырды

AstanaTV
26.04.2021ж. 20:00
1299
Алексей Цой отандық "QazVac" вакцинасын салдырды

Бүгін ел аумағында отандық вакцинаны егу жұмыстары басталды. Бірінші болып, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой салдырды. Оның айтуынша, 50 мың доза - алғашқы партиясы - аймақтарға таратылған. Министр алдағы уақытта өнім көлемін кезең-кезеңімен арттырамыз деп отыр. Елде әзірленген екпенің ерекшелігі жайлы келесі бейнематериалда.

Көптен күткен жауапты сәт.  Алпауыттармен иық тіресе, жарыса әзірленген отандық вакцина қолданысқа енді.  КазВактың алғашқы партиясы, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі институтта өндірілген. Өндірісті ұлғайту үшін Түрік елімен келісім-шарт жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, екпе дайындау алаңдары да кеңейтілуде деді,-министр. Айтапқшы, дәл осы отандық екпені алғаш қабылдағандардың бірі – Алексей Цой. Ол вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайымен бөлісті.
    
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Өзімді әзірге жақсы сезініп тұрмын. Екпенің халық үшін көп пайдасы бар. Әрі жаман індеттен құтылу үшін бұл міндетті деп ойлаймын. Барлық дозалар тиісті мекемелерге жөнелтілді. Алдағы уақытта отандық вакцинаның көлемін арттыру мәселесін жан-жақты қарап жатырмыз.

Екпе өндірісі ай сайын 600 мың дозаға дейін ұлғайтылмақ. Ол үшін барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Министрдің сөзінше, арнайы зауыт құрылысы да аяқталуға жақын. Алексей Цой Түркиядағы серіктестермен де келіссөздер нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жануарлардың коронавирусына қарсы вакцина әзірлеуді жоспарлап отыр. Институт ғалымдарының еңбекақысын көтеруге қаражат бөлінді. Екпе әзірлеудің басқа алаңдары да ашылатын болады.


Ал ақ халаттылар «QazVac»-тың ерекшеліктерімен бөлісті. Олардың айтуынша, өнімнің «Спутник - v»-дан айырмашылығы мұз күйінде сақтаудың еш қажеті жоқ. Тіпті бір мұқабада тек бір адамға арналған доза салынған. Ал Ресейлік өнімді ашу үшін пациенттер саны 5 адамға дейін жетуі тиіс.  

Елде әрбір 20-шы адам короновирусқа қарсы екпе салдырған. Бұл көрсеткішті артыру қажет деді министр.Халықтың қауіпсіздігі үшін барынша жағдай жасалады.  Сондай-ақ ведомство басшысы экс-министр Елжан Біртановты жұмысқа алу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Алексей Цойдың айтуынша,  Біртанов қазір жеке компанияда жұмыс істейді. Ал оны министрлікке жұмысқа қабылдау туралы нақты ештеңе айтқан жоқ.  Еске сала кетейік, сот Елжан Біртановтың жұмыс істеуіне рұқсат берген болатын.

Ғ. Өтемісов