Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауына не себеп?

AstanaTV
12.05.2021ж. 20:00
2699
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауына не себеп?

Ел экономикасы болжанғаннан да, жылдам қалыпқа келіп жатыр. Ұлттық банк төрағасы жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны былтырғы наурыздан бері алғаш рет 0,7 пайызға жеткенін мәлімдеді. Бірақ, қымбатшылықтың буы басылар емес. Бұған не себеп? Шенеуніктер бағаны тұрақтандыруға қауқарлы ма? Әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.

Былтыр басталған пандемияның салдарынан, ел экономикасы 2,6 пайызға құлдыраған. Ешкімді аямаған індеттен, ішкі қызметтерге сұраныс едәуір төмендеді. Десе де, ақпанда басталған вакциналау өсімге әсер етіпті. Экономисттің сөзінше, бұл аса қуанатын жағдай емес. Ахуалдың түгелдей қалыптасуы 2-3 жыл уақыт алуы мүмкін.

Сапарбай ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:


2019 жылмен салыстыратын болсақ, біз әлі оң көрсеткішке жеткеніміз жоқ. Бірақ жылдың соңына барып сол 2019 жылғы көрсеткішке дейін оң көрсеткішке жетіп бара аламыз. 2020 жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға дейін өсім береді.

Экономиканың қалыпқа келуі, ештеңеге жамау бола алмайтын сияқты. Қымбатшылық тұрғындардың қалтасын әбден қақты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен киім-кешек құны едәуір өскен.

Ерболат ДОСАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:

Сонымен бірге, мұнай өнімдерінің тасымалдау тарифінің артуы нәтижесінде ішкі ұсыныстық төмендеуі аясында биылғы жылдың басынан бастап бензин бағасының 11,6%-ға өсуі байқалады.

Азық-түліктің де бағасы құбылып тұр. Бұған министрдің сылтауы дайын. Бағаның өсуіне экспорттық сұранысқа ие тауарлар себеп, дейді.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Жоғары баға өсуі яғни 6,8%-ға Атырау облысында, 6,3%-ға Нұр-Сұлтан қаласында және 5,6%-ға Шымкент шаһарында жол берілді.


Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Экономиканың біртіндеп қалыпқа келгенін қайтейік халыққа ең қажетті әлеуметтік маңызы бар тауарлар жыл басталғалы 4,8 пайызға өскен. Мәселен, күн бағыс майы осы бір аптаның ішінде бақандай 500 теңгеге қымбаттапты.

Базар саудагерлері министрдің "баға тұрақталды" деген сөзін құптамайды. Жыл басталғалы тауар құны ай сайын қымбаттап жатқанын жеткізді.

Ахмет МАМАНОВ, КӘСІПКЕР:

Тұз қалай 50 теңге болды, сол күйі қалады. Ал қалғанының бәрі максималды түрде көтеріліп жатыр. Жұмыртқаны ұят болмасын деп 1-2 күнге арзандатып қояды, мысалы 1200 теңге қылып. Сосын 1-1,5 аптадан соң қайтадан көтеріледі.

БЛИЦ:

- Барлық зат қымбат. Картошканы 280-нен алдым келісін. Қызанақ, қияр бәрі қымбат.

Ал, Шымкентте әлеуметтік нан бағасы өсті. Жергілікті әкімдік өкілі екі жыл бұрын тұрақтандыру қорынан 118 теңгеден босатылған ұнның, күні кеше таусылғанын алға тартты. Қазір сөредегі әлеуметтік нан 87 теңгеден сатылып жатыр.  

Қайрат БАЗАРБЕКОВ, ШЫМКЕНТ қ. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Сонымен қатар өсімдік майы және тасымал құнының артуы сонымен нан өндірісінде пайдаланатын ашытқы шикізат көзінің қымбаттауы себеп болып отыр. Біздегі өсімдік майы ол қазір Шымкент қаласында емес, бүкіл барлық өңірлерде бағасы екі есеге өсіп отыр.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы Үкімет басшысын да алаңдатып қойды. Асқар Мамин өңірлердің әкімдеріне бағаны тұрақтандыруға тапсырма берді. Бағасы жылдам өсіп жатқан азық-түлікті жергілікті бюджет есебінен қаржыландыруды 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтуы қажет деді.

А. Данияр