Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылордада үй ауласында тұрған жанар жағармай құйылған цистерна өртенді

AstanaTV
31.05.2021ж. 20:00
1814
Қызылордада үй ауласында тұрған жанар жағармай құйылған цистерна өртенді

Қызылордада үй ауласында тұрған жанар жағармай толы цистерна өртенді. Салдарынан бір адамды күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Жалынның қатты болғаны сонша, өрт сөндірушілер тілсіз жаумен бір сағаттан астам уақыт  алысқан. Көрші үйдің тұрғындары да қауіпсіз жерге көшірілді.  Өңірден-Мөлдір Тоқтасынқызы.

Өрт таңертеңгі  сағат 10 шамасында басталған. Куәгерлердің айтуынша, от үй ауласында тұрған жанар жағармай таситын машинадан тұтанған.  Тілсіз жауды ауыздықтау оңайға соқпады. Ауладаға сарай толық жанып кеткен.  
 
Күміс ЫРСАЛДИЕВА, КУӘГЕР:
 
Екі цистерналы машина келіп кірді, балалар есікті жауып алды. Бір кезде баланың дауысы шықты, шыңғырған. Тарс етті да мына жақтың барлығы өртке оранды. Осы үйдің үлкен баласы машинаның үстінде өртеніп жатыр екен. Негізі бұлар жердің астынан, мен біле бермеймін негізі, цистерналарды көміп, бұл үйге күні-түні машиналар келеді. Бұлар заңсыз соляркамен айналысады.

Мамандар отқа оранған сарайда шамамен 10 тоннаға жуық жанар жағармай  сақталған   дейді.  Сондықтан отты өшіру қиын болғанын айтады. Жалын  күшті болғандықтан,   жапсарлас орналасқан үйдің тұрғындары  да қауіпсіз жерге көшірілді. Тұрмыстық заттар толық сыртқа шығарылды. Енді арнайы талаптарды бұзған үй иесінің  жауапкершілігі заңмен қаралуы мүмкін.

Нұрсұлтан ИБРАГИМОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ТЖД «ӨСЖАҚЖҚ» ММ БАСТЫҒЫ:


Өрт қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан өрт оқиғасына ұласып отыр. Негізгі тұрғын үйлерде тез жанғыш жанар жағармай сақтауға қатаң жауапкершілік қаралады. Оған байланысты қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіледі. Тез жанғыш сұйықтық материалдардың барлығы арнайы орындарда сақталуы керек. Тұрғы үйлерде сақталуға болмайды.

Қазір зардап шеккен 22 жастағы жігіт ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның денесінің 60 процентін күйік шалған дейді. Ал үй иесі   оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат  беруден  бас тартты.

М. Тоқтасынқызы