Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Тобыл өңіріндегі ауыл тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

AstanaTV
10.06.2021ж. 20:00
1398
Тобыл өңіріндегі ауыл тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

Қостанай облысында 30 жылдан бері ауыз суға жарымай отырғандар бар. Әсіресе Ұзынкөл ауданында жағдай күрделі. Мұндағы 32 елді мекеннің  тек сегізі ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.  Жергілікті шенеуніктер ауыз су мәселесінің нақты қашан шешілетінін дөп басып айтпайды.Ал тапшылықтан тарыққан көпшілік бау-бақша да  еге алмаймыз деп шағымданды.  Заңғар Санайдың бейнематериалы.

Осындай үлкен ыдыс Троебрат ауылы тұрғындарының бәрінде  бар. Оған қыста қар жинап, еріген суды техникалық мақсатқа пайдаланады. Таусылса көлік жалдап құйдырады. Ал ауыз су теміржол арқылы алыстағы  Бурабайдан жеткізіледі. Су тапшылығынан ауылдағы  жұрт бау-бақша да еге алмай отыр.

Сарыалтын ТҰЯҚОВА, ТРОЕБРАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерге егер едік бірдеме. Сәбіз, картоп, қызылша, қияр дегендей. Бақшалық жер жетеді. Жұрттың бәрі де содан еге алмай отыр. Мына үйлердің қасындағы бақшалықтың бәрі қаңсып тұр.

Осы маңдағы Сатай, Сокол сынды өзге   ауылдардағы халықтың да   жағдайы осындай. Көпшілік қыста қар ерітіп пайдаланса, жазда көл суын ішеді.

Светлана НИКИФОРЕНКО, САТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Біраз жыл Есет көлінің суын көлікпен тасып құйғызып ішіп жүрдік. Былтырдан бері ауыз суды аудан орталығынан әкелетін болды. Бір флягін 70 теңгеден сатып аламыз.
 
Аудан орталығындағы «Ұзынкөл Су» кәсіпорны  тәулігіне 2 мың текшеметр су беруге қауқарлы. Бірақ  соның 30 проценті ғана кәдеге жарап тұр. Өйткені 24 елді-мекенге әлі орталық желі тартылмаған. Ауыз су  көлікпен жеткізіледі. Биыл 8 ауылға су беру бекеті  орнатылады.Бұл   мақсатқа 45 миллион теңге бөлінген. Ал  Сатай, Сокол, Троебрат ауылдарына орталық магистральдан ұзындығы 41 шақырым құбыр тартылады дейді аудан басшылары.

Владимир ШЕРСТЮКОВ, ҰЗЫНКӨЛ АУДАНДЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 
Сонымен қатар  Преснягорьков ауылына 60 шақырымдық құбыр тартылады. Мұнда су әрбір үйге кіргізілетін болады. Бұған биыл 333 миллион  теңге бөлінді.

Келесі жылы  тағы 11 ауылға су тарату қондырғысын орнату жоспарда бар дейді мамандар. Шенділер осылайша ауыз су мәселесін  біртіндеп шешеміз деп отыр.

З. Санай