Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қызылжарда қала тұрғындары автобустың қара түтініне тұншығып отыр

AstanaTV
18.06.2021ж. 20:00
2157
Қызылжарда қала тұрғындары автобустың қара түтініне тұншығып отыр

Қызылжар тұрғындары қоғамдық көліктен шығатын қара түтінге тұншығып отыр. Көмірқышқыл газының ауаға мөлшерден тыс тарауы экологиялық ахуалды нашарлатуда дейді. Мұнымен мамандар да келіседі. Себебі өңірдегі автобус паркі әбден тозған. Техниканың дені - ескі. Толығырақ Абзал Құрманкин айтады.


Қызылжардағы ескі қоғамдық көліктер жұртты әбден қажытты. Тұрғындар қытайлық автобустардан шығатын қою көк түтінге тұншықтық деп налиды. Айтуларынша, шаһардағы қоғамдық көліктердің екіден бірі экологияны ластап отыр.


Надежда СУСЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

Қалада ауа жоқ. Тұншығып біттік. Ал көше бойында тұратын адамдар терезелерін мүлдем ашпайды. Мынау түтін иісінен уланып қалуға болады.


Мұса ТАНАҚҰЛОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

Автобустар қатты түтіндейді. Қара түтін экологияны әлсірететіні сөзсіз. Бұл Петропавлдағы ең маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Аталған проблеманы жүйелі түрде шешу керек.


Құзырлы орын өкілдері рейд жүргізді. Тексерісу нәтижесінде ауаға бөлінетін көмірқышқыл газы қалыпты мөлшерден 5 есе артқық екені анықталды. 


Айман ХАМЗИНА, СҚО БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ СЫНАҚ ЗЕРТХАНАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Біз арнайы құрылғымен алты көлікті тексердік. Оның бесеуінде түтін көрсеткіші қалыпты жағдайдан асқан. Мәселен, жарық ағымын тұтыну коэфиценті 1.5 метр болса, бұл норма болып саналады. Ал тексерістен өткен дизельдік көліктердің көрсеткіші бұдан бірнеше есе асқан. 


Жолаушылар тасымалы қауымдастығы өкілінің айтуынша, автобус паркінің 30 пайызы әбден тозған. Компаниялардың кейбірі шығынға батып,тығырыққа тірелгендіктен оны жаңалауға мүмкіндігі жоқ. 


Галина СЕМЕНОВА, "СҚО ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛДАУ ОДАҒЫ" ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Біз қазір жаңа автобустардың келуін күтіп отырмыз. Кейін банкроттықтың алдында тұрған кәсіпкерлер жолаушылар тасымалы ісінен бас тартпақ. Ал кейбірі ескі автобустарды жаңасына ауыстырмақ. Сондықтан қазір оларды жөндемей отыр. Бұл мәселе жуық арада шешіледі. 


Қазір қалада 190 автобус қатынайды. Жаңа қоғамдық көліктер бір айдан кейін әкеліне бастайды. Жыл соңына дейін парктің тең жартысы жаңармақ.


А. Құрманкин