Спорт Қазақстан
$449.3 €489.69 ₽4.89
×

Қосшы қалалық стандартқа қашан сай болады?

AstanaTV
10.09.2021ж. 20:00
3562
Қосшы қалалық стандартқа қашан сай болады?

Қосшы қалалық стандартқа қашан сай болады? 60 мыңнан аса тұрғыны бар шаһарда проблема шаш етектен. Көпқабатты үйлерге ауыз су жетпейді.  Жеткен күнде сапасы нашар дейді, жергілікті халық. Мұнан бөлек жол, мектеп мәселелері де шешімін таппаған.   Жұртшылықтың жан айқайына "Nur Otan" париясы араласты. Толығырақ әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

"Лесная поляна" тұрғын алабының басты   мәселелерінің бірі - жол. Тұрғындардың сөзінше, жыл сайын мердігерлер жұмысты бастап, аяқсыз қалдырады. Жауынды күндері   көшемен жүру мүмкін емес, дейді. Ал жауаптылар қаржыны  сылтау етеді.

Арман ЖҰМАҒҰЛОВ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


"Лесная поляна" бойынша мұндай жағдай болды. Құрылыс компаниясы жылдың соңында ғана біздің балансымызға өткізді. Сондықтан, нақты жұмыстарды ұйымдастыра алмадық. Тиісінше, Қосшы қаласының жаңа әкімдігі жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттама әзірлеп, өз бюджетінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиіс.

Күлән Хұсайын  9 жылдан бері осында тұрады. Жиырма бірінші ғасырда, дамыған заманда өркениеттен қалып қойғандарына  наразы. Айтуынша, ауыз су 2 күнде бір беріледі. Оның өзі   уақытпен. Қосшылықтарды сондай-ақ мектептегі орын тапшылығы   алаңдатады.  

Күлән ХҰСАЙЫН, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің мектебіміз 1200 балаға арналған болатын болса,  биыл 4500-дай бала оқиды. 4500-дай балаға осындай мектеп дұрыс па? Үш ауысым оқыған уақытта біз оларды қарсы алуымыз, шығарып салуымыз бізге өте ыңғайсыз болып келеді.

Әкімдіктің мәліметінше, Қосшыда бір ғана білім ошағы бар. Биыл 1-сыныпқа 600-ден аса бала барған. Сондықтан,   "Ы" сыныбын ашуға мәжбүр болыпты. Бұл жағдай қашанға дейін жалғасады деген сұраққа әкім орынбасары былай дейді:   

Берген ЖҰМКЕЙ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда, үш мектептің құрылысы ашылған. Әрбір мектептің жобалық сметасы 1200-ге арналған. Бір мектептің құрылысы 70-80 пайызға құрылысы аяқталып тұр. Ол мектепті біз осы басталған оқу жылының ішінде қолданысқа береміз деген ойымыз бар.

Тұрғындардың тағы бір талабы - қарапайым қоқыс контейнерлерін орнату. Қала- лас, дейді. Қордаланған проблемаларды реттейміз дегендердің құрғақ уәдесіне тойған жұрт "Nur Otan" партиясының республикалық қабылдау бөліміне хат жолдапты. Халықтың мұң-мұқтажын  тыңдаған партия жанындағы көшпелі кеңес  мәселені шешуге уәде берді.

А. Данияр