Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтөбеде Украинка алабының тұрғындары жолға қатысты шу шығарды

AstanaTV
15.09.2021ж. 20:00
1465
Ақтөбеде Украинка алабының тұрғындары жолға қатысты шу шығарды

Ақтөбеде Украинка алабының тұрғындары жолға қатысты шу шығарды.  Оған себеп - Ақтөбе-Орск тас жолынан ауылға тіке кіретін  бұрылыс жоқ. Арғы беттегі автобус аялдамасына да жету қиын. Бүгін елдімекен тұрғындары   жол бойына шығып, наразылық білдірді.  Ақтөбеден-Гүлвира Сейтенова.

Мыңнан астам тұрғыны бар Украинка тұрғын алабы Ақтөбе - Орск тас жолының бойында орналасқан.  Мәселе былтыр,осы жаңа жолдың құрылысы  басталғанда туындады.  Ауылға кіретін бұрылыс тым алыста дейді тұрғындар.      Көліктер бір шақырым жүріп барып,  кері  бұрылады.  

Еркебай СЕРМАНОВ, УКРАИНКА АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің талап – мына жерден бұрылатын жол жасап беру керек. Екі жерден жасау керек. Проекте бұл көрсетілмеген.  

Аялдамалардың алыста қалғаны да жұрттың ашуын туғызды. Онсыз да ауыл ішіне кірмейтін автобусты тұрғындар трассаның бойындағы аялдамада күтеді. Қазір оған жету де  қиын боп тұр.  
 
Елмырза АЙТБАЕВ, УКРАИНКА АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Аялдаманың біреуі елді мекеннің шет жағына, керек емес жерге салынған. Екіншісі ту ана жақта. Ең керек тұсы – мектеп тұсында аялдама жоқ.

Бұл мәселеге қатысты  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар жауап берді.  Бұл жол облыстық маңызды жолдар санатына кіретіндіктен, тұрғындар сұрап отырған жерден бұрылыс жасауға келмейді. Себебі, жолдың ені көліктің бұрылуына мүмкіндік бермейді, дейді  басқарма басшысының орынбасары.  Дегенмен,  проблеманы шешудің басқа амалы бар.

Рүстем ТӨРЕҒАЛИЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы жылдың қазан айында нысан пайдалануға беріледі. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін бұл нысанды қала әкімдігінің теңгеріміне береміз. Қала әкімдігіне бергеннен кейін бұл нысан қала ішілік категориясын алады. Сол кезде мына араға разворот салынады.

Ол үшін тұрғындар жол қалаға  ауысқаннан кейін    әкімдікке жүгінуі керек. Бірақ, аялдамалар сол күйі қалады. Тек  арғы бетке өту үшін  жаяу жүргіншілерге арналған жолақ салынады.

 Г. Сейтенова