Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Атырау» ФК жанкүйерлері басшылықтың қызметтен кетуін талап етті

AstanaTV
28.09.2021ж. 20:00
1063
«Атырау» ФК жанкүйерлері басшылықтың қызметтен кетуін талап етті

Атырауда футбол жанкүйерлері "клуб басшылығы  жұмыстан кетсін" деп талап етіп отыр.  Ел чемпионатының  «Атырау-Тобыл» кездесуіне жиналғандар  соңғы жылдары жеңілістен көз ашпаған құрамаға жаңа билік керек екенін  айтып, ашынды.  Айтуларынша,  ала допқа еш қатысы жоқтар клубқа  басшылық етіп отыр. Ал алаңға шығатындар арасында жергілікті футболшылар жоқтың қасы,- дейді.  

Жергілікті футбол клубының соңғы жылдардағы жеңілісіне әбден ашынған жанкүйерлер ойынды көруге емес, өкпелерін айтуға жиналды. Олардың айтуынша,  2018 жылы сенімгерлік басқаруға берілгелі клубтан абырой, ойыннан береке  кеткен.  

Боран МҰХАМБЕТЖАНОВ, «АТЫРАУ» ФК ЖАНКҮЙЕРІ:

Олардың біреуі бокспен, біреуі күреспен айналысқан.  Сондайлар  біздің футболды басқарып отыр. Қалай сенімгерлік басқаруға берілді, солай бірінші лигаға кетті. Қазір командада бір де бір атыраулық жоқ. Олар бөлек дайындалады. Командаға армениялықтар жинады.


Сәрсенбай ҚАЛИЕВ, «АТЫРАУ» ФК ЖАНКҮЙЕРІ:

Жаттықтырушы өзгере береді. Бірақ еш нәтиже жоқ. Кілең поляк, беларус, бразилец, африкалардың біреулері жүр.  Біздің балалар жоқ. Жанымыз ашып командаға  ағалардың артынан еріп келіп отырмын мен.

Жанкүйерлер клуб басшылығы жан-жақтан легионерлерді жинап, бюджет қаржысын оңды-солды шашып жатыр дейді.  Ал нәтиже көңіл көншітпейді. Олар осыны айтып, облыс әкіміне де,  Президент аппаратына да  хат жазған.

Мұрат ӘБДІРОВ, «АТЫРАУ» ФК ЖАНКҮЙЕРІ:

Облспорт айтады «мен тек қана ақша бөлемін, мен ешқандай құжатқа қол қоймаймын. Сенімгерлік басқару облфин,- дейді. + Бюджеттің ақшасы бөлініп жатыр. Мынау мен білмеймін, анау мен білмеймін дейді  сонда кім біледі. Біздің бүкіл жанкүйерлердің тілегі -  сенімгерлік басқарудан алып тастап, қайтадан үкіметке берсе, үкімет  қайтадан өзі тексеріп отырады ғой шығарған ақшасын.

Алайда бас бапкер жанкүйерлер пікір айтты екен деп,  ешқайда кетпеймін деп отыр. Ол команданың жеңілісіне пандемия кезінде  стадиондағы жанкүйерсіз ойын себеп болды дейді. Ал клуб директоры бұл  біреулердің тапсырмасы болуы мүмкін деп топшылайды.  

Арам Восканян, «АТЫРАУ» ФК БАС БАПКЕРІ:

Кету қашан да оңай. Мен кетуді  жоспарлап отырған жоқпын. Алда әлі 4 ойын бар. Біздің құрамамыз өте жақсы.  Былтыр пандемеяға қатысты  алаңға жанкүйерлер келмеді. Ол нәтижеге әсер етті. Ал мамыр айындағы бірнеше ойында жеңіске жеттік. Бізге жанкүйерлер жетіспеді.


Қонысбай ШПАНОВ, «АТЫРАУ» ФК ДИРЕКТОРЫ:


Өздері стадионға келіп, ойын қарамаған адамдар. Олар нәтижені қарайды.  1-де нөл, немесе тепе тең болып қалса, сондай жағдайлармен қозғалған әңгімелер. Бұл бір адамдардың тапсырмасы.


Айта кетейік, қазір құрама ойын кестесі бойынша 10-ыншы орында.  Алда тағы кездесу бар. Бірақ , жанкүйерлер  алда нәтиженің өзгеруі екіталай,- дейді.

Б. Нәдірқызы