Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қызылжарда құс фабрикалары мемлекеттік субсидияға жарымай отыр

AstanaTV
07.10.2021ж. 20:00
1643
Қызылжарда құс фабрикалары мемлекеттік субсидияға жарымай отыр

Қызылжарда құс фабрикалары мемлекеттік субсидияға жарымай отыр. Жергілікті билік осыған дейін кәсіпорындарға бір жұмыртқа үшін 2 жарым теңге төлеген еді. Биыл бұл сома 1 жарым  теңгеге   қысқарды. Алайда, компаниялар бұның өзіне қол жеткізе алмай отыр. Ал келер жылы билік демеуқаржыны мүлдем алып тастамақ. Бұл жұмыртқа бағасына   әсер ете ме? Мәселенің мән-жайын  аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тарқатады.

"Алекри" серіктестігі былтыр құс тұмауының кесірінен жарты миллионнан астам тауығынан айырылған болатын.  Содан есін әрең жиып, қанаттылардың санын көбейтіп келе жатқанда тағы  да проблема туындады.  Биыл жем-шөп  қымбат, соның кесірінен кәсіпорын  толық қуаттылыққа шыға алмай тұр. Оның үстіне, жергілікті әкімдік бірнеше айдан бері демеуқаржыны  бермеген.
 
Александр ЧЕСНОКОВ, ҚҰС ФАБРИКАСЫНДАҒЫ ӨНДІРІС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Біз биыл 102 миллион жұмыртқа өндіреміз. Жем-шөптің құны тым қымбаттап кетті. Мәселен, арпаны былтыр 50 мың теңгеден алдық. Биыл оның бағасы 100 мыңға  жетіп отыр. Шығын шаш етектен. Екі айдан бері демеуқаржы төленген жоқ. Егер осылай жалғаса берсе, Қазақстанның бірнеше құс фабрикасы банкротқа ұшырауы мүмкін.
 
Солтүстік Қазақстандағы 9 құс фабрикасының бесеуі жұмыртқа өндірумен айналысады. Билік  оларға өнімнің әр данасы үшін жергілікті бюджеттен субсидия ретінде 1 жарым  теңгеден төлейді. Алайда, соңғы екі айда құс фабрикаларына қаражаттың аудармағанын шенеуніктер растап отыр. Ол ақшаның жоқтығында емес, қаржыны бөлу ережесінің өзгеруімен байлансты дейді.  
 
Жасұлан УӘЛБЕКОВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жыл басынан бері құс фабрикаларына 239 миллион теңге қаражат бөлінді. Шілде айында субсидияны бөлу ережесіне өзгерістер енгізілді. Яғни, құс фабрикаларының өтініштері резервке түсті. Қазір біз олардың құжаттарын тексереміз. Қарашаның аяғына дейін қаражатты игереміз деп ойлаймын.
 
Министрлік шығарған жаңа қаулыға сәйкес, келер жылдан бастап елімізде жұмыртқаға субсидия мүлдем төленбейді. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы бұл дұрыс емес деп санайды.  Нарықтағы жағдайдың күрделі екенін ескеріп, керісінше демеуқаржыны екі есе ұлғайту керек дейді.  
 
Ерік УӘЛИЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП СҚОФ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Субсидия қазіргідей 1 жарым теңге емес, әр жұмыртқаға 3 теңгеден төленсін. Бұл мақсатқа тек Солтүстік Қазақстан облысына шамамен 2 миллиард теңге қажет. Аталған ұсыныс ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. Жауап бір айдың ішінде келуі тиіс. Нәтижесінде жұмыртқа өндірісі қайтадан дамып, өнім экспортқа шығарылады.
 
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Сала мамандарының айтуынша, биліктегілер бұған құлақ аспаса жұмыртқа бағасы аспандай береді. Қазір өнімнің өзіндік құны 35 теңге  шамасында.  Алдағы күндері баға кем дегенде 30-40 пайызға қымбаттауы мүмкін, дейді.

А. Құрманкин