Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қостанай спортшылары әлем чемпионатына баратын қаражат іздеп жатыр

AstanaTV
15.10.2021ж. 20:00
2114
Қостанай спортшылары әлем чемпионатына баратын қаражат іздеп жатыр

Қостанайлық спортшылар әлем чемпионатына бару үшін ақша іздеп әлек. Гір спортының саңлақтары Венгрияның Будапешт қаласында өтетін жарысқа жолдама алған. Алайда қаражат мәселесі Екатерина Литвинова мен Кирилл Мартынчиктің қолын байлап отыр. Әлем чемпионатына қатысу үшін әрқайсысына кемінде 600 мың теңге қажет.  

Екатерина Литвинова төрт жылдан бері гір спортымен айналысып жүр. Аз уақытта талай  жетістікке жетіп, Азия чемпионы атанған арудың ендігі арманы Әлем чемпионатын бағындыру.

Екатерина ЛИТВИНОВА, АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ:

Азия чемпионатында рекорд жасап, өз деңгейімді паш еттім. Ендігі меже әлем чемпионатында бақ сынап жүлдемен оралу.


Будапешт қаласында өтетін жарысқа өңірден 5 спортшы аттанады. Оларға облыстық басқарма қаражат бөлген. Ал Екатерина Литвинова мен Кирилл Мартынчикке ақша жетпей қалған.

 «СПОРТТЫ ДАМЫТУ ДИРЕКЦИЯСЫ» РМҚК:

Спортты дамыту дирекциясы шектеу шаралары жеңілдегеннен кейін, уәкілетті органға бюджеттік өтінім жіберді. Яғни, 2021 жылдың соңына дейін жоспарланған шетелдік спорттық іс-шараларға қатысу үшін қосымша қаржы керек. Бірақ, бұл мәселе қаралып жатыр. Осыған байланысты қазіргі уақытта дирекцияда әлем чемпионатына қатысуға жолдама алған аталмыш спорт түріне қаражат бөлуге мүмкіндік жоқ.


Дирекциядан қайыр болмаса да,  қайырымды азаматтар қарайласып қалар деген үміт бар.  Бапкер қайтсе де шәкірттерін шетелдік жарысқа аттандырудың амалын қарастыруда. Спортшылардың алтыннан алқа тағып қайтарына нық сенімде.

Олег КОМАРОВ, БАПКЕР:

Мен шәкірттеріме 100 пайыз сенемін. Өйткені олар жыл бойы өздерін динамикалық көрсеткіштерімен, жетістіктерімен дәлелдеп келеді. Менің сөзіме сенгісі келмейтіндер спорттық жарыстардың хаттамаларын қарап шықсын.


Чемпионат қазан айының 21 мен 24-і аралығында өтеді. Басқалармен бірге екі спортшыны да додаға жіберу үшін қаражат жинау басталып кеткен.   

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Оларды Венгрия еліне аттандыру үшін бір миллион екі жүз мың теңге қажет. Қазір сол сомманың тең жартысы жиналған. Қаражат табылмаса, қарызға ақша алып шәкірттерді додалы жарысқа жіберем , дейді бапкер.


З. Санай