Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Алматы облысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы 27% орындалды

AstanaTV
25.10.2021ж. 20:00
1563
Алматы облысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы 27% орындалды

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өңірлерге сапары жалғасуда. Бұл жолы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Алматы облысына барды. Партияның сайлауалды уәделерінің аймақтағы орындалу барысымен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы, Алматы облысында 27% орындалған. 750 мың шаршы метр тұрғын үй, 12 мектеп пайдалануға берілген. 500 шақырым жол салынып, жөндеуден өтіпті. 27 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Бауыржан Байбек, облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге Қарасай ауданы Әлтей ауылындағы жаңа тұрғын үй кешендерін аралап көрді. Онда биыл 200 пәтерлік 50 үй салынған. Таяу уақытта олардың бір бөлігі ауданда кезекте тұрған «көпбалалы отбасы» санатындағыларға үлестірілмек.  

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Елбасы, біздің Президентіміз айтқандай 5 жылдын ішінде, Қазақстан бойынша 103 млн шаршы метр үй салынады. Соны өзінде 5 млн-нан астам шаршы метр берілу керек. Біздің бағдарламамызда Алматы облысы бойынша 2 мың көрсеткіш бар. 27 проценті 1 жылдын ішінде орындалды. Ол жай ғана көрсеткіштер емес, ол адам өмірінің сапасы, жолдар, газ, су, мектеп, аурухана.


Бауыржан Байбек жалпы 5 жылда еліміз бойынша 1 миллиондай қазақстандық, оның ішінде 300 мыңға жуық аз қамтылған отбасы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар тұрғын үймен қамтылатынын айтты. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушылары үшін жеңілдетілген несие бөлу көзделген. Жыл соңына дейін 4,5 мың жас маман осы шарамен қамтылатын болады.

Айдана МҰРАТБЕКОВА, ӘЛТЕЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен қазір орыс тілі пәнінің мұғалімімін. Жолдасым екеуміздің үлкен арманымыз орындалды. Жеке баспанамыз болғанын қаладық. Нұр Отан партиясына алғысымды білдіремін.

Гүлмира ӘЛИЕВА, ӘЛТЕЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Елбасының бастауымен көпбалалы аналарға, жас мамандарға арналған бағдарлама бар, сол үшін алғыс айтамын.


Партия Төрағасының Бірінші орынбасары, Жамбыл ауданы Сарыбай би ауылына да ат басын бұрды. Онда сайлауалды бағдарламаға бойынша салынған жаңа дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты. Сондай-ақ, партияның Жол картасы аясында аудандық ауруханалар заманауи компьютерлік томографиялармен, рентген-аппараттармен және тағы да басқа қажетті жабдықпен жарақтандыру шаралары қолға алынатын айтты. Сол күні Бауыржан Байбек Ұзынағаш ауылында таяуда тікелей халық сайлаған ауылдық округтер әкімдерімен, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттар фракциялары жетекшілерімен кездесті. Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында сайлауалды міндеттемелерді сапалы орындау және қажетті қаражатты уақтылы бөлу бойынша міндеттер талқыланған. Сонымен қатар, Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында сайлауалды уәделердің іске асырылу барысы онлайн-форматта қарастырылды.

Д. Жарқынбек