Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Түркістан облысында күзет қызметіндегілердің тепкісінен 27 жастағы жігіт көз жұмды

AstanaTV
09.11.2021ж. 20:00
2478
Түркістан облысында күзет қызметіндегілердің тепкісінен 27 жастағы жігіт көз жұмды

Түркістан облысында арыстай ұлы кісі қолынан ажал құшқан отбасы, әділдік іздейді. Сайрам ауданы Ақбастау ауылының тұрғындары кінәлілерді түгел қамауды сұрап отыр. Есептерінше кемі 15 бала 4 адамға жабылып, түрлі дене жарақатын салған. Бірақ біреуі ғана күдікті деп танылған. Оның өзі бостандықта деп ашынады қаралы отбасы. Іс бұрмаланып жатқанына сенімдіміз дегендердің білуінше төбелес болған моншаның өзі дөкейлердікі көрінеді. Кінәлілердің барлығы жазалансын деген қаралы отбасы, бұл іске ел Президенті назар аударуын қалайды.

27 жастағы Еламан жақында келін әкелем деп үйін қуантып та қойыпты. Бірақ ол күнге жете алмады. 2-қараша күні жалақы алдым, моншаға түсіп, шаш қидырып келеміз деп сыныптастарымен кеткен. Содан оралмапты. Ауруханада екі күн жатып, ес жимай кетті дейді өзегі өртенген анасы.  Айтуынша, тепкіден бас сүйегі қақ айрылып, миы езілген. Білуінше, ерегіс болмашы сөзден шыққан.

Шолпан МАЛИКОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Баға туралы сәл келіспей қалғанда. Сосын бұлардың кіреміз деп тұрған орнына басқа біреуді кіргізіп жіберген, соған ашуланғанда балалар. Онда да өздері боқтап бастаған, сосын бұлар да сәл ерегіскен. Ерегістен бұларды сыртқа ап шығып, қақпаны жауып қойып ұрады ғой.

Білулерінше, төрт жігітке әуелі алты адам жабылған. Күзет қызметіндегілер дейді туыстары. Кейіннен олардың саны 15-тен асыпты. Сырттан жігіттер келді депті таяқ жеген куәгерлер. Бір адам қамалғанмен оның өзі қазір үй қамақта деседі. Қаралы отбасы іс бұрмаланып жатқанына сенімді.

Нұркен МАЛИКОВ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:

19-біздің баламызды өзі барып якобы тиісті, өзі барып төбелес шығарған деп заң қорғаушылар ол кісілер біздің балаға бұрып қойған статьяны. Ал ол жерде на самом деле болған нәрсе ондай болмаған. «Сокол» деген охранный агенствоның балалары.

Қаралы отбасы егер сол жерде жедел жәрдем қызметі құдай айдап келмегенде марқұм Еламанның сүйегін де таппай қалар ма едік деп отыр. Өйткені кездейсоқ тоқтаған дәрігерлердің өзіне саунадағылар айбат көрсеткен.

Нұркен МАЛИКОВ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:

Случайно өтіп бара жатып көріп қалады да тоқтайды. Баланы аламыз дейді. Жаңағы мынау «СОКОЛ» деген охранный агенствоның балалары оған пышақ кезенеді. Сөйтеді да «баланы ап кетпейсің, қазір біз оны тірілтіп аламыз өз-өзіне есін жидырып аламыз дейді да шелекпен су құяды үстіне. Енді жаңағы скорыйдағы фельдшерлердің  жаны ашығандықтан «болды, біз ешкімге айтпаймыз» деді да баланы машина жалынып жалбарынып жүріп машинаға мінгізіп алады.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Топтасқан жігіттердің арасындағы төбелес осы қақпаның ішкі жағында болыпты. Бұл жерде қонақ үй мен сауна бар екен. Қарашаның екісінен үшіне қараған түні болған жағдайды іштегілерден сұрап білу мүмкін болмады. Өйткені сыртқы есік жабық.
   

Іште адам жоқ емес. Тек сыртқа шыға қоймады. Ал күзет агенттігінің кеңсесі деп айтылған жерден ешкімді таппадық. Сол маңдағылардың айтуынша жақында көшіп кетіпті. Бұл іске қатысты полицияның жауабы қысқа болды.
 
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

2021 жылы Сайрам ауданы ауылдарының бірінде орналасқан демалыс комплексіне орын алған жайтқа байланысты, Сайрам АПБ-де ҚР ҚК-нің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша тіркеуге алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.  Сайрам аудандық сотының қаулысымен күдікті «үйқамаққа» алынған. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.

Қамалған жалғыз адамның өзі үй қамаққа шығарылуы  қаралы отбасының күдігін күшейтіп отыр.
 
Шолпан МАЛИКОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:


Әділ қарамай отыр ғой. Адам өлімі болып жатыр. Жап-жас қыршындай кеткен баламды жауып тастай салды ғой, шыбын құрлы көрмей. Қай жерде көрдің үй қамаққа алғанды, адам өлтірген адамды?! Мен ойлайм бір үлкен дөкейлер араласып жатыр деп..Енді шынымды айтсам ақшамен жауып тастап жатқан сияқты.

Қара жамылған отбасы төбелеске қатысқандардың барлығын қамауды талап етіп отыр. Қақ-соқпен ісі жоқ момын баланың қапыда қаза табуы бүкіл ақбастаулықтардың ашуын көтерсе керек. Әділ шешім қабылданбаса кемі мың адам бейбіт шеруге шығамыз деп белді бекем буды. Тіпті бұл ойларын әкімдік пен тиісті орындарға жазбаша ескертіп те қойған.
 
А. Төребекқызы