Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Банк қызметкерлерінің атын жамылған алаяқ 8 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген

AstanaTV
19.11.2021ж. 20:00
1975
Банк қызметкерлерінің атын жамылған алаяқ 8 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген

Алаяқтар алдап кетті. Елорда тұрғыны Бибігүл Нұрғожинаның атына банк қызметкерлерінің атын жамылғандар 8 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген. Жалғызбасты келіншекті құрыққа түсіру тіпті оңай болған сияқты. Бір сәтте үш бірдей екінші деңгейлі банк қарыз алуға берген өтінішті бірден растапты. Айлығы күн көруге зорға жететін келіншек қыруар несиені өтеуге шамам жетпейді деп отыр. Бұған заңгерлер мен банк не дейді? Әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.

Бибігүл алаяқтарға қалай алданып қалғанына өзі де аң-таң. Қоңырау шалған адамдардың барлығы, банк менеджерімін деп таныстырған. Артынша, атына несие рәсімделгені туралы ресми хабарламалар түскен. Іле-шала шотқа түскен ақшаны жедел шешіп алуды талап еткен. Болмаса, алаяқтардың тартып алатынын ескертіпті. Сондай-ақ ақшаның бәрін көрсетілген номерге жіберу керек екенін айтқан, осылайша алаяқтардың жолын кесеміз деп сендірген.

Бибігүл НҰРҒОЖИНА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

"Халық банктен" хабарласып тұрмыз, деді. Мен сосын сенбеймін сіздерге деген соң құжаттарын жіберді. Сосын ұлттық қауіпсіздік дегеннен орыс адам шықты Николай Алексеевич деген. Сол кісіге сеніп қалды енді. Сбербанктан 2 миллион, Халық банктан 2 миллион, Форте банктан 3 миллион 137 мың теңге кредит рәсімдеді.

Несиені толық жабамыз деген алаяқтар ақша жібергеннен соң номерді бұғаттап бастаған. Сонда ғана өзінің нақ алданғанын түсініпті. Шарасыз жалғызбасты ана құзырлы органдар мен банктерге жүгінгенімен, олардан қайыр болмаған.

Бибігүл НҰРҒОЖИНА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен өзім қазір 100 мың айлық аламын. Жатақханада тұрамыз балам екеуміз 40 мың теңге төлеп. Енді шотымды бұғаттап тастаса мен білмеймін қалай күн көретінімді.  Өзімде кредит бар: Еуразия, Каспий банктерден.

Заңгер қандай жағдай болмасын, несиені төлеуге міндетті екенін жеткізді. Жандос Тұяқовтың айтуынша, ай сайынғы төлемді сот арқылы тоқтатуға болады. Сондай-ақ...

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Банкке арыз жазып яғни жүгініп әзірше тоқтата тұруын сұрау мүмкін. Бірақ та мұны да банк өзі шешеді. Я соттасып жатқанның өзінде де жаңағы банк ақшасын талап ете алады, өйткені ол банктің құқығы.

Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбек интернет алаяқтары мен хаккерлерге тосқауыл болудың жолы жоқ деп есептейді. Сол үшін банктер несие беру талаптарын өзгерту керек деді.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, QAZAQSTAN HALYQ PARYIASY ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Банк қызметкерлерінің де құқығы жоқ бізге беріп-бермеу немесе ана кісіге менің атымнан. Ол құжаттар сәйкес келіп тұратын болса, қол қойып жібере береді компьютер арқылы. Банктің ең қатаң түрде несие беру-бермеуін өзіне шешу құқығын беру керек.

Жыл басынан бері тек Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарының атынан, полицияға 500-ден астам шағым түскен. Келтірілген шығын мөлшері: 100 миллион теңгеден асады. Құзырлы органдардың дерегінше, алаяқтардың көбісі шетел азаматтары.

Талғат БӨЛЕГЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Нұрғожина Бибігүл бізге жүгінді. 13 қараша күні полицияға шағым қалдырған. Айтылған факт бойынша, тергеу амалдары қозғалды. Оған хабарласқан алаяқ несие рәсімдеп шетел карточкасына аударып жіберген.

Ал, республика бойынша алаяқтарға алданғандар 40 мыңнан асқан. Оның тең жартысы интернет-алаяқтары. Сонымен бірге, 70 тұрғынға заңсыз несие рәсімделген.

Ішкі істер министрлігі алданғандарға тағы да ескерту жолдады. Кез келген адамға жеке деректерді айтуға болмайды. Әсіресе, банк карточкаларының номерлерін оңды солды тарату, телефонға келген смс-кодтарды да айтуға болмайды деді.

А. Данияр