Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

"Өліміме колония әкімшілігі кінәлі" Қарағанды түрмесіндегі сотталушы бейнежазба жариялады

AstanaTV
23.11.2021ж. 20:00
1990
"Өліміме колония әкімшілігі кінәлі" Қарағанды түрмесіндегі сотталушы бейнежазба  жариялады

Қарағанды облысы Қарабас кентіндегі АК 159/18 түзету мекемесінде тағы шу шықты. Сотталушылардың бірі  «өліміме мекеме әкімшілігі кінәлі» деп әлеуметтік желіде бейнежазба жариялады.  

25 жастағы сотталушы денесіндегі тыртықтарын,сондай-ақ ішіне  тығып алған шегені көрсеткен. Бірақ  жазасын өтеуші нақты қандай қысым көргенін ашып айтпайды.  

Сержан МАЕВ, АК 159/18 ОРТАША ҚАУІПСІЗДІКТЕГІ ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕСІНДЕ ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:


Мен сотталушы Маев Сержан Біржанұлымын, 1996 жылы туылғанмын. Менің өліміме түзету мекемесінің әкімшілігін, дәлірек мекеме бастығы Сартауов Ерғазы Рақымжанұлын оның орынбасары Әбілдин Мұқтар Аманжолұлын айыптауды сұраймын.

Қылмыстық түзету жүйесі департаментінің хабарлауынша,  Маев ұрлық және тонау қылмысымен  сотталған.  Оның бұл әрекетін мекеме әкімшілігіне қоқан лоққы көрсетіп, абақтыда тыйым салынған заттарды сақтағандары үшін жауапкершіліктен жалтаруға тырысу,- деп түсіндіреді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бір апта бұрын АК 159/18 түзету мекемесінде құқық бұзудың алдын алу мақсатында жаппай тінту жүргізілген. Нәтижесінде 40 -тан астам ұялы телефон мен жарты келі есірткі табылған.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚТЖД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қазіргі таңда мекемеде тыйым салынған заттардың ішке қалай енгізілгенін анықтау мақсатында қызметтік тергеу жүріп жатыр. Тінтуден кейін сотталғандар дереу наразылық білдіріп, өздеріне жаппай жарақат салды. Осылайша олар жауапкершіліктен қашып құтылмақшы.


Еске салсақ, қыркүйектің басында дәл осы түрмеде 3 адам мекеме қызметкерлерінен таяқ жеп, қорлық көргендерін айтып әлеуметтік желі арқылы құқық қорғаушылардан көмек сұраған болатын. Ол кезде Қылмыстық түзету жүйесі департаменті сотталғандар алдымен өзара төбелесіп кейін жауапкершіліктен қашу үшін осылай жасады деп түсіндірді. Егер қорлық көрсету фактілері болса, колонияда орнатылған арнайы терминал арқылы жолдауға болатынын хабарлаған.

А. Қуаш